Egov мобильдік қосымшасы First World Govtechineers Race 2017 сыйлығына ие болды

17:34, 14 ақпан 2017

Еліміздің Egov.kz мобильдік қосымшасы First World Gov-Techineers Race-2017 сыйлығына лайықты деп танылды. Марапаттау рәсімі Дубайда  әлемдік үкімет саммиті аясында өтті. Қазақстандық делегацияға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жетекшілік етті. 

130 мемлекеттің үкімет өкілдері мен халықаралық ұйым мамандары Дубайда бас қосты. Тараптар күн тәртібінде тұрған түрлі  халықаралық түйткілдердің түйінін тарқатуға тырысты. Үш күнге созылған шарада еліміздің Egov.kz мобильдік қосымшасы тыңға түрең салған  инновациялық бастамалар арасынан  үздік деп танылды. 

Беделді сыйлықты қазақстандық делегация жетекшісіне Дубай басшысы, Премьер-министр мен Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті шейх Мохаммед ибн Рашид Аль Мактум табыстады.

Дәулет Бекманов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі департамент директорының орынбасары: 

-Біздің ілкімді істер мен тың жобамызды шет елдердің де мойындап жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Шынын айтсақ , бұл тосын сый болды. Себебі ешқандай өтінім берген емеспіз. Бірақ бізге мобильді қосымша арқылы электронды мемлекеттік қызметтерге қатысты аталымы бар халықаралық саммит өтетіні жөнінде хат келген болатын.

Қазақстандық мамандар Біріккен Араб Әмірлігіндегі таяуда ғана құрылған Бақыт министрлігіне ерекше қызығушылық танытты. Жергілік билік халықтың әл-ауқатын ынталандырумен ғана емес, мемлекеттік деңгейде де пәрменді жұмыс  істеуге итермелейді. Дәурен Абаевпен өткен кездесуде министрлер ақпаратты тиімді басқару тетіктерін талқылады. 

Тараптар сондай-ақ халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне де ерекше тоқталды. Атап айтсақ, Астана мен Дубай күллі әлем көз тіккен көрнекті шара аясында байланысты барынша ширата түсті. Араб Әмірліктерінің азаматтары қазірдің өзінде  «ЭКСПО-2017» көрмесін тағатсыздана күтіп жүргенін ыстық ықыласпен жеткізді.

Авторлары: Елдар Бақпаев, Айгерим Аксакалова, Дастан Каримов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!