Мамин Қырғызстан үкіметінің басшысымен келіссөз жүргізді
© Сурет: primeminister.kz
Ақылбек Жапаровтың әлі Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Елбасымен кездесулері жоспарланған.
7 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің Төрағасы – Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Үкімет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, әскери-техникалық салалардағы, АӨК, өнеркәсіптік кооперация мен денсаулық сақтаудағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, делінеді Қазақстан Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсында.
Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, білім беру мен туризмде өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту үшін үлкен әлеуеттің бар екені атап өтілді. Сондай-ақ ЕАЭО және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың 9 айында $680 млн-нан асты, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 8,8%-ға және пандемияға дейінгі 2019 жылдың тоғыз айындағымен салыстырғанда 1,2%-ға жоғары. Тараптар сауда көлемін $1 млрд дейін жеткізуге және сатылатын тауарлар мен қызметтер номенклатурасын кеңейтуге ниетті.
Қазақстан Қырғызстан экономикасының ірі инвесторларының қатарында. 2005 жылдан бастап Қазақстаннан Қырғызстанға тікелей инвестициялардың жинақталған көлемі $1 млрд-тан асады. Биыл ҚР-дағы қырғыз кәсіпорындарының саны 1273-тен 1983 компанияға дейін немесе 55%-ға артты.
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин транзиттік-көлік саласындағы өзара іс-қимылдың оң қарқынын атап өтті. Екі елдің шекарасында 7 автомобиль өткізу пункті жұмыс істейді. Осы жылдың 17 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтан – Бішкек бағыты бойынша аптасына 2 рет жиілікпен тұрақты әуе рейсі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда елдер арасында аптасына 11 рейс орындалады. Осы жылдың 10 айында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Қырғызстанға тауарлар транзитінің көлемі 178 мың тоннадан 265,7 мың тоннаға дейін 1,5 есе өсті.
Үкімет басшысы екі елдің су-энергетика саласындағы ынтымақтастығына, соның ішінде Сырдария, Шу және Талас трансшекаралық өзендерінің су ресурстарын реттеу жөніндегі жедел шараларды бірлесіп қабылдауына жоғары баға берді. Қырғыз тарапының Тоқтоғұл су қоймасынан қосымша су ағызуы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың су аз кезде суармалы суға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергені атап өтілді.
Келіссөз қорытындысы бойынша Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде Қырғыз Республикасына өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Екі елдің денсаулық сақтау министрліктері арасында Денсаулық сақтау саласындағы референц-зертханаларды дамыту жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған шаралар жоспарына қол қойылды.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі «Қарасу» және «Ақтілек» өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді, сондай-ақ Қырғыз Республикасының аумағында үш көтерме-тарату орталығын құру және олардың жұмыс істеуі жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдады.
Ақылбек Жапаровтың Нұр-Сұлтан қаласына сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесулері, «Астана» халықаралық қаржы орталығына, Үкіметтің цифрлық кеңсесіне және басқа да нысандарға баруы жоспарланған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:10, 24 қазан 2024
Тоқаев «БРИКС плюс» саммитіне қатысушылармен әңгімелесті
-
15:40, 24 қазан 2024
Тоқаев БРИКС саммитінде қандай мәлімдеме жасады
-
13:57, 24 қазан 2024
Тоқаев БРИКС саммитінде: Ақорда фото және бейнематериалдар жариялады
-
23:10, 23 қазан 2024
«Қазан Экспо» көрме орталығында Тоқаевты Путин күтіп алды
-
13:34, 17 қазан 2024
Тоқаев Ресей мен Украина қақтығысы туралы: Келіссөз арқылы бейбітшілікке ұмтылу - стратегиялық көрегендік