Үкімет 10 негізгі азық-түлік өнімінің бағасын ұстап тұруға уәде берді

12:33, 20 тамыз 2019

Алматы. 20 тамыз. 7kun.kz – Ұлттық экономика министрлігі инфляцияны дәлізде ұстап қалу үшін жаңа құралдарды енгізді.

Ведомство басшысы Руслан Дәленовтің айтуынша, жыл басынан бастап, инфляция 4-6% дәліз шегінде сақталуда. Жылдық инфляция 5,4% деңгейінде қалыптасты, ал 2018 жылдың шілдесінде ол 5,9% құраған. Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен  – азық-түлік тауарлары. 

«Барлық өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы инфляциядан асып түседі. Бұл тауарлардың бағасының өсуі 7,2%-дан 15,1%-ға дейін. Ең жоғары өсу Нұр-Сұлтан (15,1%), Жезқазған (11,8%) және Талдықорған (10,4%) қалаларында байқалады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында сәбіз (2,4 есе), пияз (85,5%), картоп (82,4%), күріш (21,6%) және ұн (20,8%) қымбаттады», – деп атап өтті министр.

Қаржы министрлігі биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтады. Бұл пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. 

«Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады. Жалпы, аталған тауарлар бойынша барлық өңірде бағалар өсті. Бағалардың ең жоғары өсуі пиязға (2,2 есе) Алматы қаласында, сәбіз (2,5 есе) және картопқа (94,1%) Нұр-Сұлтан қаласында, қызылшаға (54,3%) Батыс Қазақстан облысында, күрішке (35,8%) Қызылорда облысында тіркелді.
Бағаларды ұстап тұру үшін жаңа құралдар әзірленді», — деді Дәленов.

Биыл 16 тамызда Ішкі сауда ережесіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% аспайтын сауда үстемелерін белгілеуді көздейді. Сондай-ақ, отандық азық-түлік тауарларына кемінде 30% сату кеңістігін беру керек.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сауда желілері алатын ретро-бонустарды (сыйақыларды) белгілеуге тыйым салынды. Басқа азық-түлік тауарлары бойынша 5%-ға дейін сыйақы лимиті белгіленді.

Сондай-ақ, биыл 17 тамыздан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері күшіне енді.

Ведомство басшысы әкімдіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сауда желілеріне азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұрғаны үшін айналым қаражатын ұсына алатынын айтты. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорлардың резервін қалыптастыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рәсімдері жеңілдетілген. Тауарлар бағасын ұстап тұру үшін сауда ережесі, тұрақтандыру қорлары және сауда желілерін кредиттеу, көтерме-тарату орталықтары, делдалдық операцияларды мониторингілеу және тексеру секілді барлық қажетті құралдар бар. Бұл құралдар жергілікті атқарушы органдарға бағалардың өсуін барынша тиімді тежеуге мүмкіндік береді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!