Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 95 жыл

12:18, 31 қазан 2023

Қазақстандағы тұңғыш  жоғары оқу орны– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 95 жыл толды.  Осыған орай 2 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдығына арналған гала-концерт өтеді, деп хабарлайды ЖОО баспасөз қызметі.

Университеттің қалыптасуына ұлт зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көптеген көрнекті қайраткерлер зор үлес қосты.  95 жылдық тарихында білім мен ғылымның қара шаңырағы бүгінгі күнге дейін өз алтын ұясынан отандық педагогиканың дамуына тың серпін беріп, 200 мыңға жуық педагогтар мен 4 мыңнан аса ғылыми кадрларды қанаттандырды.

Бүгінде университет әлемнің 25 мемлекетінің 138 жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыста жұмыс істейді. Әлемдік аренада Абай университеті QS World University Rankings, The Times Higher Education World University Rankings және THE Impact Rankings сияқты беделді рейтингтеріне қатысып, әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын көтеріп келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша 681-690 орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 университтер қатарына енді. Орталық Азия аймағында 147 орынмен ТОП-200 үздік университеттер қатарында. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университетіміз 601-800 позициядан көрініп, Қазақстандық университеттердің арасында көш бастап тұр.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық ғылым академиясының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Алматы қаласының прокуратурасы мен Полиция департаментінің өкілдері, дипломатиялық өкілдердің, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, университеттің түлектері, отандық және шетелдік серіктес компаниялардан қонақтар, белгілі отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар, жалпы білім беру ұйымдарының директорлары мен оқытушылары қатысады.

Мерекелік салтанатты іс-шарада университеттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм көрсетіледі. Кеште Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың өнер майталмандары, университеттің танымал түлектері және ұстаздарының, дарынды жастардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!