Шымкентте Ұлттық мәдениет және өнер университеті құрылды

11:26, 23 қараша 2026
MKZ: 1579179

© Сурет: auezov.edu.kz

Үкімет 2026 жылғы 16 қарашада "Ұлттық мәдениет және өнер университеті" республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Ұлттық мәдениет және өнер университеті" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылсын", – делінген қаулыда.

Мекемеге басшылық жасайтын уәкілетті орган болып ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі белгіленді.

Жаңа университет Шымкент қаласында орналасады. Оқу орны жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесіне енгізілді. Қаулы 16 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.

Бұған дейін Шымкентте жаңа университет ашылатыны хабарланған еді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, оқу орны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің мәдениет және өнер факультеті негізінде ашылады. Университет бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды.

Мамандар даярлауда сұранысқа ие шығармашылық бағыттарға басымдық беріледі. Олардың қатарында кино және драматургия, кино және телережиссура, графика және мультимедиа, медиаменеджмент, операторлық өнер және дыбыс режиссурасы бар.

Бұған дейін университетке ерекше мәртебе берілетіні де хабарланған. Бұл мәртебе оқу орнының заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуіне, халықаралық жобаларға қатысуына және білім, ғылым, мәдениет пен креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуына кеңірек мүмкіндік береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!