Атырауда отыз отбасы «Отбасы банктен» баспаналы болды

11:09, 23 қараша 2026
MKZ: 1579172

© Сурет: Zakon.kz

Атырау қаласында 30 отбасы жаңа баспананың кілтін алып, қоныстойын атап өтті. Олар сатып алу құқығы бар жалдамалы пәтерлерге ие болды.

Жаңа қоныстанушылар қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Бұл отбасылар үшін баспана кілтін алу – көптен күткен қуанышты сәт. Себебі олардың әрқайсысы тұрғын үй кезегінде жылдар бойы тұрып, өз шаңырағына қол жеткізуді армандаған.

Пәтерлер Баймұханов көшесіндегі 50/2 үйден берілді. Тұрғын үйдің айналасы қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Жақын маңда жаңа балабақша бар. Сонымен қатар, көлік қатынасы ыңғайлы, қаланың әр бөлігіне қатынайтын автобус бағыттары қарастырылған.

Атырауда отыз отбасы "Отбасы банктен" баспаналы болды , сурет - Zakon.kz жаңалық 23.11.2026 11:09

Сурет: Zakon.kz

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған үйлерді жергілікті әкімдіктер салады және бөлу үшін "Отбасы банкке" ұсынады. Ал, "Отбасы банк" пәтерлерді тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында жүйе арқылы автоматты түрде бөледі. Бұл ретте азаматтардың кезекке қойылған күні, санаты, отбасы құрамы және белгіленген талаптарға сәйкестігі ескеріледі. Осылайша, баспана бөлу үрдісі бірыңғай жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл барлық азамат үшін ашық әрі бірдей тәртіптің сақталуына мүмкіндік береді.

Атырауда отыз отбасы "Отбасы банктен" баспаналы болды , сурет - Zakon.kz жаңалық 23.11.2026 11:09

Сурет: Zakon.kz

Пәтер кілттерін Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов пен "Отбасы банк" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова табыстап, құтты қоныс иелеріне арнап сый-сыяпаттарын да тарту етті.

Бүгін Атырау тұрғындарын қоныстойымен құттықтаймыз! Әр отбасы үшін бұл – көптен күткен ерекше күн. Енді олардың балалары жайлы әрі жылы үйде өсіп, қуана оралатын өз шаңырағы болады. Атырау облысының әкімдігімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған 470 азаматтың баспана жағдайы жақсарды. Сонымен бірге, өңірде 2022 жылдан бері жастарды, медицина қызметкерлерін және аудан тұрғындарын қолдауға бағытталған бірқатар арнайы жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, "Бақытты отбасы Атырау", "Берекелі Баспана – Атырау", "Атырау жастары" және "Атырау аудан жастары" бағдарламалары бар. Осы жобалардың арқасында 689 адам баспаналы болды, – деді Ләззат Еркенқызы.

Қуаныш иелерінің бірі Сандуғаш Өтегенова бұл күнді 15 жыл күткенін айтады. Осыған дейін ол ай сайын 80 мың теңге төлеп, үй жалдап келген екен.

"Мен үй жалдап жүргеніме жиырма жылдың жүзі болды. Онда да тұрақты үй болмады, бір үйден екінші үйге көшіп-қонып жүрдім. Сегіз жасымда анам өмірден өтті. Ал, осыдан он жыл бұрын әкемізден айырылғанбыз. Ата-анамыздың да жеке үйі болмады. Олар да төрт баламен үй жалдап күн көрді. Сөйтіп жүріп бізді өсірді. Кейін өзім де өз отбасымды құрып, баспана іздей бастадым. Тағдырдың қалауымен толық емес отбасы санатына жатқандықтан тұрғын үй кезегіне тұрған болатынмын. Содан араға 15 жыл салып, бүгін "Отбасы банктен" баспаналы болып, қоныс тойын тойлап жатқан жайым бар. Қуанышымда шек жоқ. Әсіресе, үш баламның жарқын күлкісін көргенге не жетсін! Үйдің өзіне келсем, өте сапалы салынған, бізге қатты ұнады. Өсіп келе жатқан ұлымды үйлендіріп, қызымды ұзататын басыбайлы баспанам барына өте ризамын. Сол үшін де "Отбасы банк" ұжымына үлкен аналық аппақ алғысымды айтқым келеді" деп ағынан жарылды су жаңа үй иесі бізбен әңгімесінде.
Атырауда отыз отбасы "Отбасы банктен" баспаналы болды , сурет - Zakon.kz жаңалық 23.11.2026 11:09

Сурет: Zakon.kz

Жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі Болат Ақшолақов халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Тұрғын үй – әр отбасының әл-ауқаты мен ертеңгі күнге деген сенімінің негізі. Мемлекет басшысы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда да жолға қойылған. Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасын арттырып, әр отбасының жайлы тұрмыс кешуіне жағдай жасау. Бүгін сіздер өмірдің жаңа кезеңін бастадыңыздар. Қуаныш ұзағынан болсын! Шаңырақтарыңыздан балалардың күлкісі кетпей, төрлеріңізге береке орнасын! — деді өңір басшысы.

Өңірдегі тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алда да жалғасын таппақ.

Атырауда отыз отбасы "Отбасы банктен" баспаналы болды , сурет - Zakon.kz жаңалық 23.11.2026 11:09

Сурет: Zakon.kz

Айта кетейік, "Отбасы банк" тұрғындарға баспана мәселесін шешудің әр кезеңінде қолдау көрсетеді. Ол алғашқы жинақтан бастап, тиімді шарттармен тұрғын үй заемын алуға дейінгі мүмкіндіктерді ұсынады.

Бүгінде Атырау облысында 147 157 тұрғын "Отбасы банкте" болашақ баспанасына қаражат жинап жүр. Олардың жалпы жинақ сомасы 114,3 млрд теңгені құрайды.

Енді Атырау тұрғындары банктің жаңа филиалында кеңес алып, өтінім беріп, тұрғын үй заемын алу мәселелері бойынша қажетті қызметтерді ыңғайлы жағдайда пайдалана алады. Жаңа филиалдың мекенжайы: Атырау қаласы, Сәтпаев көшесі, 21.

"Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін және өңірлік бағдарламаларды дамытуды жалғастырады. Басты мақсат – баспаналы болып, қоныстойын тойлайтын отбасылардың санын жыл сайын арттыру.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!