ІІМ Қазақстан азаматтарына маңызды үндеу жасады
© Сурет: polisia.kz
Бүгін, 2026 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы жалған хабар таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомство өкілдері әзіл үшін жасалған бір ғана қоңыраудың салдарынан жүздеген адам эвакуацияланып, шұғыл қызметтер оқиға орнына баруға мәжбүр болатынын және қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін атап өтті.
"ІІМ терроризм актісі туралы жалған хабарламалардың қауіпті екенін, әсіресе жасөспірімдер арасында мұндай әрекеттердің таралуына жол бермеу қажеттігін ескертеді. Әңгіме жарылғыш зат қойылғаны, өрт қоюға дайындық жүргізіліп жатқаны және басқа да қауіп-қатерлер туралы жалған хабарламалар жөнінде болып отыр. Мұндай ақпарат телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көбіне мұндай әрекеттерге жағдайды әзіл немесе назар аударту тәсілі ретінде қабылдайтын жасөспірімдер барады. Интернетте мұндай әрекеттер "сваттинг" деп аталады", – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алайда министрлік мұндай "әзілдің" артында нақты зардаптар бар екенін еске салды.
"Мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы қызметтер жіберіледі. Жүздеген адамның қалыпты өмірі бұзылып, мемлекет ресурстары қомақты көлемде жұмсалады", – деп хабарлады ведомство.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар.
"ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар кінәлілер келтірілген шығынды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған қаражатты өтеуге міндеттеледі.
"Осылайша, ойланбай жасалған бір әрекет қылмыстық жазамен ғана емес, отбасы үшін елеулі қаржылық салдармен де аяқталуы мүмкін. ІІМ ата-аналарға ерекше назар аударуды ескертеді. Балалардың интернетте немен айналысатынын, кіммен сөйлесетінін және өз әрекеттерінің салдарын түсінетін-түсінбейтінін білу маңызды. Ата-аналар балаларына интернеттегі анонимділік жауапкершіліктен босатпайтынын түсіндіруі керек. Әзіл үшін жіберілген хабарламаның өзі қылмыстық іске себеп болуы мүмкін. Бірнеше секундтық ермек болашаққа құрған жоспарларды бұзып, бүкіл отбасы үшін ауыр салдарға әкелуі ықтимал", – деп атап өтті ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Осыған байланысты полиция азаматтарды қауіп-қатер туралы тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ал осындай хабарламалар алған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырды.
Еске салайық, 2026 жылғы 11 қарашада Павлодарда оқушының сәтсіз әзілінің соңы қылмыстық іспен аяқталғаны туралы жазған болатынбыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
09:44, 18 қараша 2026
Теміржолмен тасымалданатын қандай жүктерді әскерилендірілген күзет алып жүруге тиіс
-
09:26, 18 қараша 2026
Төрт облыста қар мен жылбысқы қар жауады – «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге ескерту жасады
-
09:16, 18 қараша 2026
Алматы облысында мемлекетке қайтарылған жерлерде құны 60,2 млрд теңге болатын бес жоба іске асырылмақ
-
09:02, 18 қараша 2026
«Қазгидромет» Астана мен тағы тоғыз қаланың тұрғындарына ескерту жасады
-
22:27, 17 қараша 2026
Атырауда 90 жасқа таяған қария туған ұлының зорлығын сотта айтып берді





