Алматыда қыс 2026-2027 жылдары қандай болады

17:18, 17 қараша 2026
MKZ: 1578224

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Алматыда 2026-2027 жылғы қыс климаттық нормадан жылырақ болуы мүмкін. Алайда бұл аяз бен қар жаумайды дегенді білдірмейді. Синоптик желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында ауа райы қандай болатынын және алматылықтар ең суық күндерге қашан дайындалуы керегін айтты.

Қыс әдеттегіден жылы болады

"Қазгидромет" РМК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі Дәулет Кісебаевтың айтуынша, алдағы қыс Алматыда климаттық нормадан жылы болады деп болжанып отыр. Маусымдық алдын ала болжамға сәйкес, желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында ауаның орташа температурасы көпжылдық көрсеткіштерден жоғары болуы мүмкін.

Салыстырмалы түрде алсақ, Алматыда желтоқсан айының климаттық нормасы -2,7°C, қаңтарда -4,6°C, ақпанда -2,4°C. Ал желтоқсанда ауаның орташа температурасы -1,6°C шамасында болады деп болжанған. Бұл климаттық нормадан 1,1 градусқа жоғары.

Дегенмен Дәулет Кисебаевтың айтуынша, маусым бойы температураның жоғары болуы қыста қатты аяз болмайды деген сөз емес.

"Қыстың үш айында да ауаның орташа температурасы көпжылдық көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанып отыр. Алайда маусымның жалпы жылы болуы жекелеген кезеңдерде қатты аяз болмайтынын білдірмейді", – деп түсіндірді синоптик.

Сондықтан алдағы қыс қатты температуралық ауытқуларсыз, жайлы өтеді деп айтуға әзірге ерте.

Алматыда аяз -17 градусқа дейін қашан түседі

"Қазгидрометтің" желтоқсан айына арналған консультативтік болжамына қарағанда, айтарлықтай суыту айдың алғашқы онкүндігінің соңында басталуы мүмкін.

Желтоқсанның басында ауа температурасы біртіндеп жоғарылағанымен, алғашқы онкүндіктің соңына қарай түнде -12-17 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Күндіз -7-12 градус аяз болады.

Екінші онкүндікте ауа температурасы қайта көтеріледі. Түнгі көрсеткіш -12-17 градустан -2-7 градусқа дейін, ал күндізгі температура -7-12 градустан 0 мен +5 градус аралығына дейін жоғарылайды. Одан кейін синоптиктер қайта суытатынын болжайды: түнде -8-13, күндіз -2-7 градусқа дейін төмендейді.

Үшінші онкүндікте де ауа температурасы құбылмалы болады. Кей күндері күндіз ауа +2+7 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Айдың соңына қарай температура қайта төмендейді: түнде -7-12, күндіз 0 мен -5 градус аралығында болады.

Осылайша, климаттық нормадан жылы болады деген болжамға қарамастан, желтоқсанда бірнеше рет күн суытып, қайта жылынады.

Қар жауып, мол жауын-шашын бола ма

Қыс қарлы бола ма деген сұрақ та алматылықтарды алаңдатады. Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша, желтоқсанда Алматыда жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жуық болады. Ол – 44 миллиметр.

Жаңбыр мен қар айдың алғашқы онкүндігінің ортасында, екінші онкүндігінің соңында, сондай-ақ үшінші онкүндіктің басы мен ортасында жауады деп болжанып отыр.

Ал алғашқы және үшінші онкүндіктің соңында қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Бұған қоса, айдың кей кезеңдерінде тұман түседі.

Маманның айтуынша, алдағы қыс қарсыз өтеді деуге әзірге негіз жоқ. Алайда қолда бар мәліметтерге сүйеніп, бүкіл маусым бойы мол қар жауады деп те болжауға болмайды.

Желтоқсанда жел де жиі күшеюі мүмкін. Оның жылдамдығы секундына 13 метрге дейін жетіп, екпіні артады.

Қай ай ең суық болады

Әдетте Алматыда жылдың ең суық айы – қаңтар. Көпжылдық климаттық бақылаулар бойынша, бұл айдағы ауаның орташа температурасы -4,6°C шамасында.

Алайда бұл алдағы қыста ең қатты аяз міндетті түрде қаңтарда болады дегенді білдірмейді.

Маусымдық болжам айдағы жалпы температуралық жағдайды бағалауға мүмкіндік береді. Бірақ жекелеген суық түндердің нақты күнін және температураның ең төменгі көрсеткішін анықтау мүмкін емес.

"Маусымдық болжамға сүйеніп, бүкіл қыс ішіндегі ең төменгі температураны қазір айту мүмкін емес. Ол жекелеген түндердегі шекті көрсеткіштерді емес, айдағы орташа ауа райын сипаттайды", – деп түсіндірді Дәулет Кісебаев.

Сонымен бірге қыс бойы аяз -20 градустан да төмен түсуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай суықтың ықтималдығы мен мерзімін аязды кезең жақындағанда, қысқа мерзімді болжамдар шыққан соң бағалауға болады.

Қыстың үш айында да температура климаттық нормадан жоғары болады деген болжамға қарағанда, маусым барысында күннің жылынуы әбден мүмкін.

Мәселен, желтоқсанның басында күндіз ауа температурасы +3+8 градусқа дейін көтеріледі. Екінші онкүндікте 0 мен +5 градус аралығында, ал үшінші онкүндіктің кей күндері +2+7 градусқа дейін жылуы ықтимал.

Сонымен бірге жылы күндер суық кезеңдермен алмасып отырады. Қаңтар мен ақпандағы жылымықтың қанша уақытқа созылатынын әзірге айту қиын. Бұл мәліметтер Гидрометеорология орталығының кейінгі болжамдарында нақтыланады.

Осылайша, 2026-2027 жылғы қысқа арналған алдын ала болжам Алматыда ұзаққа созылатын қатты аязды да, үнемі жылы әрі қарсыз ауа райын да уәде етпейді. Қала тұрғындары құбылмалы қысқа дайын болғаны жөн. Жылы кезеңдерден кейін күн суытып, жауын-шашынмен бірге көктайғақ және басқа да қысқы құбылыстар болуы мүмкін.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!