Бозымбаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін айтты

22:36, 24 қыркүйек 2026
MKZ: 1568768

© Сурет: akorda.kz

ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылғанын және әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Үкіметтік комиссия басшысы Telegram арнасында айтты:

"Бүгін еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр".

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтқанын жеткізді.

"Президент және бүкіл Қазақстан халқы сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақ", - деді ҚР премьер-министрінің орынбасары.

Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет өзінің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрғанын да нақтылады.

"Осы жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғады. Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді", - деді ол.

Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды.

"Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын", - деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетсек, 2026 жылдың 24 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

Бұған дейін Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде, Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейгендіктен 19 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткені хабарланған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тоғыз әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылған, олардың бірі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған министрлік комиссиясы шұғыл аттанды.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу шаралары қолға алынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жедел-тергеу тобы құрылды.

Кейін Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылғаны белгілі болды. Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық етеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!