Бас прокуратура Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты мәлімдеме жасады

15:41, 24 қыркүйек 2026
MKZ: 1568679

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 24 қыркүйекте ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.

"Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиға орнында ІІМ, ТЖМ және прокуратура қызметкерлері жүр. Болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды", – делінген хабарламада.

Бас прокуратура тергеу барысы ерекше бақылауға алынғанын да атап өтті.

Бұған дейін Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде, Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейгендіктен 19 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткені хабарланған еді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тоғыз әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылған, олардың бірі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған министрлік комиссиясы шұғыл аттанды.

Осыдан екі күн бұрын, 22 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінің қазақстандық секторында "Хазар қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы басталғанын хабарлаған. Ведомствоның мәліметінше, Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бірыңғай жоспары аясында өткізіліп жатыр.

Оған Әскери-теңіз күштері мен қосымша тартылған бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметшісі, жауынгерлік кемелер экипаждары, жағалаудағы бөлімшелер, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша Жағалау күзеті мен ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің күштері мен құралдары қатысып жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!