Алматыда Жұмысшы мамандықтары жылы қорытындыланды

10:49, 25 желтоқсан 2025

© Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Жұмысшы мамандықтары жылын салтанатты түрде жабуға арналған "ALMATY PROF SKILLS: нәтижелері және даму мүмкіндіктері" атты қалалық форум өтті.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау бойынша тапсырмаларын орындау, Жұмысшы мамандықтары жылындағы нәтижелер мен үздік тәжірибелер бойынша қорытынды жасалды.

Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығыда қалалық колледж студенттері арнайы көрме ұйымдастырды. Онда колледждерге серіктес кәсіпорындар мен тәлімгерлер біріккен жұмыс нәтижелерін паш етті.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шара барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан оқытушылар мен мамандар марапатталды. Республикалық WorldSkills байқауында командалық бірінші орынға ие болған Алматы колледждерінің студенттеріне қаржылай сыйлықтар табысталды.


"Биыл ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз бар. Соның ішінде ерекше алматылық команданың "WorldSkills Kazakhstan" чемпионатында жүлделі бірінші орын алуын атап өтуге болады. Алматы қашанда білім, бизнес, мәдениет орталығы болған, солай болып қала береді. Алып шаһар Алматы күрделі даму үстінде және оның экономикасы да күрделене түседі. Соған сәйкес, біз қала сұранысын қамтамасыз ететін тиісті мамандарды дайындай білуіміз керек. Осы бағытта колледждер желісінің атқаратын орны орасан зор. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған "Жұмысшы мамандықтары жылы" бұл жылмен тоқтап қалмайды. Бұл тек үлкен жолдың тағы бір белесі, – деді Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта мегаполисте экономиканың негізгі салалары үшін мамандар дайындайтын 88 колледж жұмыс істейді. Олардың 22-сі мемлекеттік, 66-сы жекеменшік. Педагогтардың жалпы саны – 5 626 адам, ал студенттер саны – 86 818 адамға жетеді. Олардың жартысынан көбі (50 428) мемлекеттік грант есебінен білім алады.

Одан бөлек Алматы колледждерінде дайындық 131 мамандық бойынша және 220 біліктілік бойынша жүргізіледі. Бұл бағыттар құрылыс, көлік, энергетика, қызмет көрсету саласы, білім беру, денсаулық сақтау, экономика, байланыс және IT сияқты еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. 2025 жылғы түлектердің 94,3%-ы жұмысқа орналасты. Болашақ мамандарды еңбек нарығының талаптарына бейімдеу және өндірістің нақты жағдайында тәжірибелік дағды қалыптастыру мақсатында 770 кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы келісім жасалған. 52 колледжде дуалды оқыту түрі бойынша 22 067 студент оқиды. Яғни, теориялық білімнен бөлек серіктес кәсіпорында жұмыс істеп, тәжірибе жинай алады.

Сонымен қатар, 2025 жылы 132 оқытушы АҚШ, Қытай және Сингапурда тағылымдамадан өтті. Халықаралық ынтымақтастық – Алматы кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың маңызды бағыты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!