Экология министрлігі қоқысты бөлек тасымалдау мәселесі шешілетінін мәлімдеді

14:36, 24 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов 2025 жылғы 24 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоқысты бөлек тасымалдау мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Қазіргі таңда көптеген қалаларда қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылған. Алайда қоқыс тасымалдайтын көліктер кей жағдайда барлық қалдықты бір көлікке тиеп әкетеді.

"Мұндай жайттардың бар екенін мойындауға мәжбүрмін. Дегенмен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында бұл бағыттағы инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен жақсартылып жатыр. Нақты қаржыландырылған жобалар бар. Сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинауға қатысты экологиялық талаптар бекітілген. Олар құрғақ, дымқыл және қауіпті қалдықтарды бөлек жинауды көздейді. Қоқысты бөлек тасымалдау міндеті де белгіленген. Алайда бұл талаптар барлық жерде бірдей орындала бермейді", – деді Руслан Түкенов.

Оның айтуынша, аталған мәселені шешу үшін қосымша шаралар қабылдануда.

"Биылдан бастап "Эко-Қолдау" бағдарламасы аясында қоқыс тасымалдаумен айналысатын ұйымдар да жүйеге енгізілді. "Жасыл даму" компаниясы барлық өңірде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазір әкімдіктер тарапынан біздің ережелерге сәйкес қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Жақын уақытта бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз деп ойлаймын", – деді ол.

Айта кетейік, қалдықтарды бөлек жинау қағидалары Қазақстанда 2021 жылы бекітілген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!