Алматыда мектеп оқушылары терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген

13:37, 24 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Алматы қаласында полиция қызметкерлері мектеп оқушылары тарапынан жасалған терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісін анықтады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаланың №10 орта мектебінде оқитын үш жасөспірім бұзақылық ниетпен оқу процесін бұзу мақсатында білім беру мекемесінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан.

Тексеру нәтижесінде хабарлама расталмады, қауіптің жалған екені анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жасөспірімдердің бұл әрекетті саналы түрде жасағаны белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Терроризм актісі немесе жарылғыш зат қою туралы кез келген жалған хабар құқық бұзушылық болып саналады және заң алдында жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайларда жедел қызметтер жұмылдырылады, сабақтар тоқтатылады, білім беру ұйымдарының қалыпты жұмысы бұзылады. Сондықтан ата-аналарды балалардың бос уақытын, араласатын ортасын және интернеттегі белсенділігін бақылауға, сондай-ақ мұндай әрекеттердің жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамыз. Бұл – ешқандай да әзіл емес", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Полиция ата-аналарға келесі ұсыныстарды берді:

  • Балалардың интернетте қалай және қайда уақыт өткізетінін бақылау;
  • Қандай чаттар мен онлайн ойындарға қатысатынын қадағалау;
  • Жалған хабарламалар мен арандатушылық әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіру;
  • Жасөспірімдер арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениеті мен құқықтық сауаттылықты қалыптастыру.

Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар аясында жалғасуда.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!