Алматы мен Алматы облысында жарық жаппай өшті: себебі белгілі болды
© Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 25 қыркүйек күні таңертең Алматы тұрғындары электр қуатының кенеттен өшкеніне шағымданды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қала тұрғындары Threads әлеуметтік желісінде жарықтың бір өшіп, бір жанғанын жазды. Электр қуатының өшкені туралы Мақатаев, Тимирязев, Серкебаев және Байзақов көшелерінің маңында тұратындар, сондай-ақ Алмалы ауданы мен қала сыртындағы тұрғындар хабарлаған. Осындай жағдай туралы Бішкек тұрғындары да жазды.
Жаппай өшірудің себебін "KEGOC" АҚ түсіндірді.
"2026 жылғы 25 қыркүйекте сағат 05:02-де Өзбекстанның энергия жүйесінде қуаты 1516 МВт болатын генерацияның ажырауы салдарынан Орталық Азия энергия жүйесі тарапынан қуаттың күрт артуы тіркелді. Бұл "Солтүстік – Оңтүстік" электр транзитінің бөлінуіне әкелді. Қазақстанның энергия жүйесінде тұтынушыларға енгізілген шектеу көлемі 962 МВт болды. Апатқа қарсы автоматика штаттық режимде жұмыс істеді. Сағат 05:43-те Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның біріккен энергия жүйесінің Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен қатар жұмыс істеуі қалпына келтірілді. Тұтынушыларға қойылған шектеулерді алып тастау туралы команда берілді", – делінген компания түсініктемесінде.
Оқиғаға "Алатау Жарық Компаниясы" да түсініктеме берді.
"2026 жылғы 25 қыркүйекте сағат 05:02-де "KEGOC" АҚ-ға тиесілі кернеуі 500 кВ болатын Л-5394, Л-5300 және Л-5320 электр желілері ажырады. Соның салдарынан энергия жүйесінде апатқа қарсы автоматика іске қосылды: жүктемені ажырататын арнайы автоматика және жиілік төмендегенде жүктемені автоматты түрде ажырату жүйесі жұмыс істеді. Алматы мен Алматы облысындағы кейбір тұтынушылар электр қуатынан уақытша ажыратылды. Ажыратылған қуат көлемі 378 МВт болды", – делінген хабарламада.
Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарындағы тұтынушылар электр қуатынан уақытша ажыратылды. Алматыда жарықтың өшуі Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы кейбір тұтынушыларға әсер етті.
"Сағат 05:51-де "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ "KEGOC" АҚ диспетчерінен ажыратылған тұтынушыларды қайта қосу туралы команда алды. Сағат 05:58-де жүктемені ажырататын арнайы автоматика іске қосылған кезде жарықсыз қалған тұтынушылардың электрмен жабдықталуы қалпына келтірілді. Сағат 06:20-ға қарай жиілік төмендегенде жүктемені автоматты түрде ажырату жүйесі арқылы өшірілген тұтынушылардың 70 пайызына жарық берілді. Сағат 07:05-те барлық тұтынушының электрмен жабдықталуы толық қалпына келтірілді. Жарықтың өшуіне "KEGOC" АҚ-ның кернеуі 500 кВ магистральдық электр желілерінің ажырауы және соның салдарынан апатқа қарсы автоматиканың іске қосылуы себеп болды", – деп толықтырды компания.
Еске салайық, 14 тамызда Алматы мен Алматы облысында электр қуаты жаппай өшкен еді. Кейін сегіз облыста жарық болмағаны хабарланды. "KEGOC" АҚ мәліметінше, Тоқтоғұл су электр станциясында жалпы қуаты 600 МВт болатын екі гидрогенератор ажыраған. Соның салдарынан "Солтүстік – Оңтүстік" транзитіне түсетін жүктеме күрт артып, желі шамадан тыс жүктелген. Апатқа қарсы автоматика іске қосылғаннан кейін Қазақстанның Оңтүстік аймағы елдің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен және Орталық Азияның біріккен энергия жүйесінен бөлінген.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
10:15, 25 қыркүйек 2026
Дастан Сатпаевтың жарақатынан кейін алаңға қашан оралатыны белгілі болды
-
10:06, 25 қыркүйек 2026
Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда әскерилердің қаза табуы: күдікті лауазымды тұлғалар анықталды
-
09:54, 25 қыркүйек 2026
Ер адам бөтен баланы ұрлап, анасын өлтіремін деп қорқытқан
-
09:47, 25 қыркүйек 2026
Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты
-
09:35, 25 қыркүйек 2026
Шатыры су өткізеді, кәрізі бітеледі: Ақтөбедегі үй тұрғындары көмек сұрайды





