Жазушылар Одағының пленумында ешкім мас боп теңселіп жүрмеді

11:41, 10 желтоқсан 2019

Кеше Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумы аса жоғары деңгейде өтті. Ұлықбек Есдәулет, Ақберен Елгезек, Бауыржан Жақып, Мереке Құлкен, Бақыт Беделхандардың басшылығымен абыройлы ұйымдастырылды, деп жазыпты желіде Қасымхан Бегманов.

Пленумға негізінен Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма мүшелері арнайы шақырылды. Ұйымдастыру жағы тастай, сөз сөйлеушілер нақты айтты, регламенттен шыққан жоқ. Баяғыдай ешкім залда отырып айқай салған жоқ. Ешкім мас боп теңселіп жүрген жоқ. Бір кездері мас жүру, айқай салу мода болған. Кейде зығырданың қайнағанда мас болғың, айқай салғың келетін сәттер әлі де болады. Кезінде осындай ресми жиналыстарда талай айқайларды естігенбіз, төбелестердің небір түрін көргенбіз. Кейбіреулеріне өзіміз де қатысқанбыз. Көз алдыма Тоқаш, Бекен көкелерімнің бейнесі келе қалды. Ол басқа заман болатын, елеске айналған ескі күндер. Қызыл империяның темір құрсаулы қатал цензурасы қажытқан буын ғой. Соған қарамастан атой салған ұрпақ. Батыр бабалардың асқақ рухы кеуделеріне күн боп қонақтаған ұрпақтың қасіреті бұл. Баяғыда Тұм - ағам жырлағандай: "Өткеннің бәрі, кеткеннің бәрі елес шын"...

Пленумды бастан-аяқ төраға Ұлықбек Есдәулет жүргізді. Түркі дүниесінен, Ресейден қонақтар келді. "Опера және балет" театрына таяқ тастам жердегі ежелгі "Есік" мейрамханасында Басқарма мүшелері мен қонақтарға қонақасы берілді. Концерт бағдарламадасында негізінен ақын - жазушылардың әндері орындалып, өте әсерлі өтті. Сахна тақырыпқа сай әдемі безендірілген. Мейрамбек Бесбай ән салғанда үлкен экраннан дүниеден өтіп кеткен ақын - жазушылардың суреттері беріліп отырды. Бақилық болған қазақтың небір марқасқаларымен бірге жүрген күндер көз алдыма келді. Олардың әрқайсымен кездескен сәулелі сәттер еске түсті. Барлығы таныс, барлығымен қаршадайымыздан араласқанбыз. Өткенге байланысты алуан түрлі қимас сезімдер, түрлі - түрлі сапарлар ойыма оралды. Сырбай ағамыздың маң - маң басқан жүрісі, Қалижан, Хамит, Әбділдә, Жұбан, Ілияс Есенберлин, Бердібек Соқпақбаев, Бауыржан Момышұлы, Әбіш Кекілбай тәрізді асылдарымыздың жарқын бейнелері әлі менің көз алдымда тұр. Алғаш рет оларға сәлем берген, тілдескен кездерім жадымның түкпірінен қалқып көтерілді. Ғафу аға мен Тоқаш көкем жайлы таңды - таңға ұрып айтуға болады. Жұмекен ағамыздың жасырын рецензиясымен сонау студент кезімде алғашқы жыр кітабым жарық көрген. Өтежан ағамыз сол кітапқа редактор болып, кейіннен маған арнайы топтама толғауын арнаған еді. Сағат Әшімбаев студент күнімде көшеден ұстап алып өлеңдерімді машинкаға бастырып Өтежанның қолына өз қолымен тапсырды. Соның арқасында Политехникалық институттың машина жасау факультетінің романтик студентінің өлеңдер жинағы ерте жарық көрді. Шерхан, Сайын, екі Сәкен (Жүнісов пен Иманасов), Қалаубек, Қалдарбек ағаларымның тікелей қамқорлықтарын көрген қазақпын. Фариза апам тұңғыш рет өзі басқарып отырған журналдың айқара бетіне өлеңдерімді жариялаған. Қадыр ағаммен өмірінің соңғы төрт - бес жылында арамыз бір елі ажыраған жоқ Арнайы мақала жазды, өлең арнады.Тұманбай ағам елуге толғанымда "Қасымхан Бегманов - махаббат ақыны" деген керемет мақала жазды. Жұматай, Дәуітәлі ағаларымды өзім айрықша жақсы көрдім. Олар да мені ерекше бауырларына жақын тартты. Кеңшілік, Жарасқан, Тынышбай, Нүкеш, Сейсен, Өмірбай, Қаныбек ағаларым жайлы ел ішінде айтылатын небір эпизодтар, оқиғалар есіме түсті.

Алматының әуежайында тұрмын. Есіме Шымкенттің автотұрағына әнеукүні қойып кеткен көлігім түсті. Мына суықта іші мұз боп қатып қалған шығар. Аман жетіп жылытып, көз байланбай Түркістанға жетіп алуым керек. Мына қу көңілдің ару Алматыны қимай тұрғанын қарашы. Қазақтың бүгінгі ірілері жан - жаққа тарап жатыр. Аман жүріңіздер алтындарым, бауырларым. Ұлттың бүгінгі биігі, мақтаныштары. Осы жолда не естімедіңіздер, не көрмедіңіздер. Алыс ауылдардан шығып, Алматыда бас қосып ұлт руханияты үшін бітіспес майданның қақ ортасында жүрсіздер. Кейде еріксіз үнсіз төзуге тура келетін сәттер болады. Амалсыз. Әрқайсысы бір тау. Әрқайсысы бір - биік. Бүгінгі күннің Биігі. Құдай аласартпасын. Халық қарап отыр. Ол менің жалғызым. Ес біліп, етек жапқалы үнсіз, шексіз жаныммен сүйген қазағым. Қоңырым. Жаратқан ием қазағымды бақытқа бөлей көр. Бүгін жан-жаққа тарап жатқан қазақтың дарынды перзенттерін аман сақта. Оларсыз бүгінгіні ертеңге кім жеткізеді. Олар ұлттың әдеби шежересін жазып жатыр. Ол да қазақтың тарихы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!