Тоқаев: Қазақстанда жаңа инвестициялық кезең басталып, «Алатау» ерекше құқықтық режимі жаңа мүмкіндіктер ашады

13:25, 30 маусым 2026

© Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанда жаңа инвестициялық кезең басталғанын айтып, экономиканы әртараптандыру ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, экономиканы әртараптандыру – жай ұран емес, жүйелі әрі жауапты жұмысты талап ететін стратегиялық міндет.

"Мен осыған дейін елімізде жаңа инвестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырмыз. Әртараптандыру дегеніміз, бұл – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 14 пайызға өсіп, 20 миллиард доллардан асқан. Президент инвестициялардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, көлік-логистикаға, қаржы секторына және цифрлық инфрақұрылымға бағытталғанын атап өтті.

"Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз", – деді ол.

Мемлекет басшысы мамыр айында қол қойған "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" конституциялық заңның инвестиция тартудағы маңызына ерекше тоқталды.

Президенттің айтуынша, бұл заң шетелдік және отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және оның әлеуетін тиімді пайдалану қажет.

"Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразияның технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, бұл жоба сәтті жүзеге асса, Қазақстанда орнықты экономикалық өсімнің мүлде жаңа моделі қалыптасады.

"Кең байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!