Сәуле Әбілдаханқызы: Президент БАҚ пен биліктің бірлесе атқарар жұмысын тайға таңба басқандай айқын көрсетті

13:03, 28 маусым 2024

© Сурет: instagram/saule_abedinova

2024 жылғы 27 маусымда БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысының көтерген мәселелері жайлы қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы жеке пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ол өзінің Facebook әлеуметтік желісінде жариялады. БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамда алар орны ерекше екенін атап өтті.

"Арқалағаны алтын, жегені жантақ" БАҚ өкілдерінің қоғамда алар орны ерекше. Оған ешкімнің дауы жоқ. Төртінші билік өкілдері елдегі қордаланған мәселелерді дер кезінде көтеріп, халықтың тұрмысындағы проблемаларды шешуде дәнекер болып жүр. Осы ретте, қазақ журналистикасына еңбегі сіңген сала үздіктерін Президент марапаттаған екен. Еңбегі еленген БАҚ өкілдерін құттықтаймыз".Сәуле Әбілдаханқызы

Қоғам белсендісі 27 маусымда өткен жиындағы Тоқаевтың қоғамдағы бес кеселмен күресу уақыт күттірмейтін маңызды мәселе екендігін айтқанына тоқталды.

"Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым", - деді Президент жиында.

Сәуле Әбілдаханқызы аталмыш мәселеге қатысты күрестердің нәтижелі екенін айтты.

"Аталған тақырыптың қазіргі кезде өзекті болуы жайдан жай емес. Статистика көрсеткендей, елімізге құмар ойынға құштарлардың үлесі жыл сайын артып келеді. Елімізде 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екен. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Екіншіден, "Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы" демекші, адамдардың ойынға тәуелділігін пайда көргендердің саны да артып отыр",- деді ол.

Оның айтуынша, ойын бизнесінде 2019 жылы 13,6 миллиард теңгеге қызмет көрсетілсе, 2021 жылы оның жалпы көлемі 501,2 миллиард теңге жетіпті. Ал 2022 жылы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар 571,1 миллиард теңге пайда тапқан.

"Сондықтан Мемлекет басшысының өскелең ұрпақтың денсаулығына "әлеуметтік кеселдер" залалын тигізіп жатыр деген пікірі алаңдайтындай-ақ деңгейде тұр. Сондықтан жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғау үшін мемлекет барлық тетіктерді қарастырып жатыр". Сәуле Әбілдаханқызы

Сондай-ақ, ол БАҚ өкілдері шындық үшін күрессе, атқарушы билік қоғамдағы әділ шешімнің орнауын қадағалау және соған сай жағдай жасауы тиіс екендігіне назар аударды.

"Бұл бағытта Президент БАҚ пен биліктің бірлесе атқарар жұмысын тайға таңба басқандай айқын көрсетіп берді. Яғни, мақсат бір, мүдде - ортақ болмақ", деп қорытындылады ол.

2024 жылғы 27 маусымда БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!