Қазақстанда жасанды интеллект ұлттық орталығы ашылатын болды

17:38, 30 маусым 2024

© Сурет: pixabay

Қазақстанда жасанды интеллект ұлттық орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Достар, жақында біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Astana Hub әріптестерімен бірге Қазақстан Республикасында жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы шеңберінде деректерді өңдеу орталығы мен суперкомпьютер салу жобасы бойынша жұмыс тобының отырысын өткіздік. Бұл платформаның мақсаты – Қазақстан экономикасын дамыту үшін технологияларды тиімді енгізу және AI әлеуетін барынша толық пайдалану. Осы тұжырымдаманың аясында AI ұлттық орталығын ашу жоспарлануда", деп жазды Қуанышбек Есекеев Facebook-тегі парақшасында.

Жобаның миссиясы - алдағы жылдарда Қазақстанның AI трансформациясын жүзеге асыру.

"AI-дің ұлттық экономика мен қоғамға интеграциясы - тұрақты дамуды сақтаудың және болашақтың сын-қатерлеріне дайындалудың қажетті шарты болып табылады. Мемлекеттің AI ұлттық орталығын ашу жөніндегі жоспарлары - білім беру, инфрақұрылымды дамыту, венчурлық инвестициялар, сондай-ақ IT шешімдерінің экспортын қолдау саласындағы бірқатар негізгі бастамаларын қамтиды", деп толықтырады ол өз жазбасын.

Сондай-ақ осы жоба аясында келесі бастамаларды қамтитын жол картасы әзірленді:

  • AI саласындағы негізгі жобалар мен зерттеулерде ынтымақтасу үшін білім беру мекемелерін, зерттеу зертханаларын, стартаптар мен технологиялық мекемелерді біріктіретін AI кампусы;
  • YNOV, 01EduSystem және Tumo мектептерінің озық тәжірибесін ескере отырып әзірленетін оқу бағдарламаларын қолданып, оқушылар мен студенттер арасында AI мамандарын даярлау;
  • Оқу курстары, шеберлік сабақтары және желілік іс-шаралар арқылы AI қауымдастығын дамытуға үлес қосатын P2P академиясын ашу.

"Бұл бастамалар елімізде инновациялық дамуға, білім мен оқыту деңгейін арттыруға, сондай-ақ жаһандық AI индустриясындағы еліміздің позициясын нығайтуға ықпал ететін тұрақты AI экожүйесін құруға бағытталған", делінген жазбада.

Айта кетсек, 4 мамырда елімізде жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!