Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды

13:20, 19 сәуір 2024

© Сурет: gov.kz

19 сәуірде ҚР Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстанның мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Салтанатты іс-шара барысында Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов мәдениет және өнер өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау ғасырларға ұласқан достықтың, ортақ мәдениеттің, дамып келе жатқан ынтымақтастықтың белгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуына бағытталған қадам ретінде қарастырылуы керек екенін сөз етті.

"Қырғыз Республикасының Халық әртісі" құрметті атағы қазақстандық белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевқа, танымал эстрада әншісі, киноактриса Роза Рымбаеваға берілді."Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметі

Әнші Роза Рымбаева мәдениеттің шекарасы жоқ екенін атап өтті.

"1996 жылы маған Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. 28 жылдан кейін "Қырғыз Республикасының Халық әртісі" құрметті атағын алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен жетістік", - деді ол.

Сондай-ақ, Садыр Жапаровтың Жарлығымен Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды:

  • "Данакер" орденімен - қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, ақын Мұхтар Шаханов;
  • "Достук" орденімен-публицист, әдебиеттанушы, журналист, киносыншы Сауытбек Әбдірахманов, мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейт Түймебаев Қансейітұлы;
  • "Даңк" орденімен-Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова;
  • "Даңк" медалі – бас директор-"Таң-Шолпан" әдеби-көркем, бұқаралық журналының редакторлар кеңесінің төрағасы Дидар Құлкенов.
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.04.2024 13:20

Сурет: gov.kz

Айта кетейік, 2024 жылғы 18 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келді. Елорда әуежайында оны мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қарсы алды. Кешке Мемлекет басшылары Қазақстан мен Қырғызстан өнер шеберлерінің гала-концертіне қатысты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!