ҚазҰУ студенті өзіне қол жұмсамақ болды деген ақпаратқа Алматы полициясы түсініктеме берді

11:19, 20 қараша 2026
MKZ: 1578786

© Фото: Zakon.kz

Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) қараша айында үшінші төтенше оқиға болуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы полициясы оқу орындарының бірінде студенттің өзіне жеңіл дене жарақатын салғанын хабарлады. Полиция өз жауабында оқу орнының атауын көрсетпеді.

19 қарашада Instagram желісінде ҚазҰУ-да оқитын қыздың өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы жазба жарияланды. Жазба авторы бұл мәліметтің әзірге ресми расталмағанын атап өтті.

Zakon.kz редакциясының сауалына Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі былай деп жауап берді:

"Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салғаны тіркелді. Оған медициналық көмек көрсетілді. Полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады".

Редакция ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне де сауал жолдады.

2026 жылғы 6 қараша күні кешке ҚазҰУ-дың студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. 11 қарашада ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

16 қарашада әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметті университеттің баспасөз қызметі растады. Қаза тапқан жігіт география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курсында оқыған. Кейін Алматы полициясы күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Студенттің қазасынан кейін ҚазҰУ басшылығы басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректорды және география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметтерінен босатты.

17 қарашада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізетіні белгілі болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!