«Екі жағдайда да қызметімнен кетемін»: Никол Пашинян күтпеген мәлімдеме жасады

14:57, 19 қараша 2026
MKZ: 1578628

© Сурет: primeminister.am

Армения премьер-министрі Никол Пашинян қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеп, елдің Солтүстік Атлантикалық шарт ұйымына (НАТО) қосылу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

РИА Новости агенттігінің жазуынша, 51 жастағы саясаткер Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін премьер-министр қызметінен кетуге дайын.

"Сіздер мені қызметімнен кетіргілеріңіз келетінін айтып отырсыздар. Жақсы, онда Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өткізейік. Екі жағдайда да мен қызметімнен кетемін. Егер халық Конституцияны қолдамаса, мен кетемін. Ал егер халық Конституцияны қолдаса, мен бейбіт келісімге қол қоямын, оны ратификациялаймыз, бейбіт үдерістің бірқатар тармағын жүзеге асырамыз. Содан кейін де қызметімнен кетемін. Мені қызметімнен кетіргілеріңіз келе ме? Онда мен сіздерге мүмкіндік ұсынамын. Кетіріңіздер, шынымен соны қалайтындарыңызды дәлелдеңіздер", – деді Никол Пашинян парламенттегі үкімет сағатында оппозиция өкілдеріне қарата сөйлеген сөзінде.

Армения премьер-министрі бейбіт келісімнің негізгі тармақтары ретінде "Трамп бағытын" ашуды және шекараның даулы учаскелерін делимитациялауды атады.

"Содан кейін мен кетемін... Мені қызметімнен кетіруді ұсынып отырмын", – деді Никол Пашинян.

Саясаткердің айтуынша, егер оппозиция Конституция жобасын референдумға шығаруға келіспесе, мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтеді. Мұндай жағдайда ол қазіргі парламенттік оппозицияның сайлауға қатысуына жол бермейтінін мәлімдеді.

"Егер сіздер мені қызметімнен кетірмесеңіздер, мен сіздерді кетіремін", – деп атап өтті Никол Пашинян.

Сонымен қатар ол Арменияның Солтүстік Атлантикалық шарт ұйымына (НАТО) қосылуға ниетті емес екенін мәлімдеді.

"Біз өз ұстанымымызды білдірдік. Иә, Еуропалық одаққа кіру үдерісін бастадық. Алайда біздің саясатымызда НАТО-ға қосылу туралы шешім жоқ. Тіпті мұндай мақсат та қойған емеспіз", – деді Никол Пашинян. Ол бұл пікірін Дублинде өткен Еуропалық саяси қоғамдастық саммитінің декларациясына Арменияның қосылмау себептері туралы сұраққа жауап берген кезде айтты.

Еске салайық, 2026 жылғы қыркүйектің басында Никол Пашинян Арменияны Еуропалық одаққа қосылу бағытынан бас тартуға шақырғандарға жауап берген еді. Ол республика ЕО-ға қосылу үдерісін бастау туралы заңнан бас тартпайтынын мәлімдеген.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!