Қазақстандықтар ескі көлігін кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа автокөлікке жеңілдік ала алады

14:56, 15 қазан 2026
MKZ: 1572544

© Фото: pexels

Экология және табиғи ресурстар министрі пайдаланудан шыққан көлік құралдарын немесе өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжат беру қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл құжат Қазақстанда өндірілген көлікті сатып алуға жеңілдік сертификатын алу құқығын да қарастырады.

Қағидаларға сәйкес, Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторы пайдаланудан шыққан көлік құралдарын (ПШКҚ) немесе өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын (ПШӨЖАШТ) қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжат береді.

Құжатта Қазақстан аумағында өндірілген көлік құралын сатып алуға жеңілдік сертификатын алу құқығы көзделеді. Сондай-ақ қағидаларда сертификатты басқа тұлғаға беру (қайта тіркеу) және пайдалану тәртібі белгіленген.

Пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеуге немесе кәдеге жаратуға тапсырғаны үшін берілетін жеңілдік сертификаттарының жалпы сомасы мен саны тиісті күнтізбелік жылға арналған Оператордың инвестициялық саясатында белгіленеді. Бұл ретте ынталандыру қағидаларының талаптары ескеріледі.

Егер бір жылға белгіленген сертификаттардың жалпы сомасы мен санының шекті мөлшеріне қол жеткізілсе, Оператор жаңа мөлшерлер мен сан бекітілгенге дейін пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын қабылдауды уақытша тоқтатады.

Қайта өңдеуге немесе кәдеге жаратуға тапсырылған техника үшін берілетін жеңілдік сертификаттары жеке және заңды тұлғаларға өндірушілер мен импорттаушылардан Оператордың банктік шотына түскен қаражатты бөлу қағидаларына сәйкес ұсынылады.

Қазақстан аумағында өндірілген көлік құралын немесе өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілетін жеңілдіктің мөлшері ынталандыру қағидаларына сәйкес айқындалып, сертификатта көрсетіледі.

Автокөлік құралдарының санаттары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының түрлері бойынша жеңілдіктер мөлшерін жыл сайын өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

Сертификат иелері Қазақстан аумағында өндірілген және сатылатын көлік құралын немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде жеңілдік алуға құқылы. Бұл ретте сертификат тапсырылған көліктің немесе техниканың санатына қарамастан, кез келген санаттағы көлік құралын не ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді.

Әрбір жеңілдік сертификатына Оператор автоматты түрде бірегей нөмір береді. Сертификатта ондағы мәліметтер мен иесі туралы ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін QR-код болады. Кәдеге жаратуға тапсырылған бір көлік құралы немесе ауыл шаруашылығы техникасы үшін тек бір жеңілдік сертификаты беріледі. Сертификат берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды. Оны басқа тұлғаға сертификат берілген сәттен бастап үш реттен артық беруге болмайды. Сертификаттың басқа адамға берілуі оның жарамдылық мерзімін өзгертпейді.

Жеңілдік сертификатын беру немесе қайта тіркеу үшін оның иесі Оператордың автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (ААЖ) өтінім береді. Сертификатты беру баға ұсыныстарын сұрату арқылы жүзеге асырылады.

Баға ұсыныстары өтінім берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданады. Оларды Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғалар мен ел аумағында тіркелген заңды тұлғалар ұсына алады.

Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін сертификат иесі бір жұмыс күні ішінде оны басқа тұлғаға беру туралы шешім қабылдауы керек. Егер иесі осы мерзімде шешім қабылдамаса, өтінім кері қайтарылған болып есептеледі, ал түскен баға ұсыныстарының күші жойылады.

Сертификатты басқа тұлғаға беру үшін оны беруші мен қабылдаушы тарап Оператордың ААЖ жүйесінде тиісті келісімге электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қояды. Келісімге тараптарға қатысты құжаттар қоса тіркеледі:

  • жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • заңды тұлға үшін – мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу туралы мәліметтер (анықтама), өкілдің өкілеттігін растайтын құжаттар және оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

Қазақстанда өндірілген көлік құралын сатып алуға берілетін жеңілдікті бір көлікке екі сертификаттан артық емес мөлшерде біріктіруге болады. Ал өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының бір данасын сатып алу кезінде төрт сертификатқа дейін біріктіруге рұқсат етіледі.

Көлік құралын немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдік беретін өндірушілердің тізімін Оператор қалыптастырады және оны www.recycle.kz корпоративтік интернет-ресурсында жариялайды.

Жеңілдік сертификатын пайдалану үшін оның иесі көлік құралын немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде өндірушіге жүгінеді.

Сертификатты пайдалану туралы өтінімді дилер Оператордың ААЖ жүйесінде рәсімдеп, сатылатын көлік құралы немесе техника туралы тиісті мәліметтерді енгізеді. Осы кезде сертификат бұғатталады.

Өтінімге дилер мен сертификат иесі ЭЦҚ арқылы қол қояды. Пайдаланылған сертификатқа қол қойылғаннан кейін оның күші жойылады.

Өндіруші көлік құралын немесе ауыл шаруашылығы техникасын сату кезінде берген жеңілдікті қаржыландыру ынталандыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!