«Яндекстегі» ақау: депутаттар қазақстандықтардың дербес деректері қайда өңделетінін анықтауды сұрады
© Сурет: pixabay
Құрылтай депутаттары 2026 жылғы 11 қазанда "Яндекс" сервистерінің жұмысында болған жаппай ақауға байланысты бас прокурор Берік Асылов пен премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сауалды бүгін, 14 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында Ләззат Жылқыбаева жариялады.
"Белгілі болғандай, 11 қазанда қазақстандықтар "Яндекс" компаниясының бірқатар қызметін пайдалана алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымда болған ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдеді. Алайда жүйенің кейбір құрамдас бөліктері Қазақстаннан тыс жерде екенін де растады. Азаматтардың телефон нөмірін, мекенжайын, жүріп-тұру бағытын және төлем деректерін күн сайын өңдейтін сервис шетелдегі бір ақаудың салдарынан тоқтап қалса, бұл деректердің нақты қай елде және қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық түсіндіру қажет", – деді депутат.
Ләззат Жылқыбаева еліміздің жаңа Конституциясында әр адамның жеке және отбасылық құпиясын қорғау, сондай-ақ дербес деректерін заңсыз жинау мен пайдаланудан қорғау құқығына алғаш рет заң жүзінде кепілдік берілгенін еске салды.
"Бұл – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық норма. Цифрлық технологиялар дәуірінде бұл кепілдіктің маңызы бірнеше есе артты. Мемлекет басшысы бастамашы болған өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтарын күнделікті өмірде нақты қорғау. Сондықтан әрбір ұйым өз жұмысында конституциялық кепілдіктерді сақтауға тиіс", – деді ол.
Депутат жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялағанын да атап өтті. Ал Семейде қызметкерлердің мәліметтерімен қатар кәмелетке толмаған 344 баланың деректері де ашық қолжетімді болған.
"Бұл деректерге қол жеткізу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға міндетті ұйымдардың өзі ашық жариялаған", – деп мәлімдеді Ләззат Жылқыбаева.
Сонымен қатар депутат әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде немесе баланы мектепке орналастырғанда өзіміз туралы деректерді беретінімізді атап өтті.
"Ал одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатпен қарайды? Біз мұны қалай бақылай аламыз? Әсіресе балалардың деректеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұрғылықты жері, оқитын мектебі, денсаулық жағдайы және отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін", – деп қосты Ләззат Жылқыбаева.
Осыған байланысты "Әділет" партиясы фракциясының депутаттары мынадай шараларды ұсынды:
- Біріншіден, 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілуінің заңдылығын тексеру қажет.
- Екіншіден, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинауының заңдылығын тексеру керек.
- Үшіншіден, биыл маусымда заңнамаға жалпыға қолжетімді дереккөздерде жариялануға жатпайтын дербес деректерді бүркемелеу әдістерін қолдану талаптары енгізілді. Алайда жоғарыда келтірілген фактілер осы талаптардың сақталуын тексеру қажет екенін көрсетті.
- Төртіншіден, осы саладағы мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет.
- Бесіншіден, дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.
2026 жылғы 11 қазанда Яндекс Go баспасөз қызметі компания сервистерінің жұмысында іркілістер барын және олардың уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осыған байланысты компания пайдаланушылардан, жүргізушілер мен курьерлерден қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
Компания "Яндекс" сервистеріндегі ақаулар деректерді өңдеу орталықтарының зақымдануынан болғанын түсіндірді. Сондай-ақ компания мәлімдемесінде инженерлердің ең алдымен көпшілік пайдаланатын сервистердің жұмысын қалпына келтіріп жатқаны айтылды. Мамандар барлық өңірде сервистерді мүмкіндігінше тезірек толық іске қосу үшін жұмысты жалғастырып жатқаны атап өтілді.
12 қазанда премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысы қашан толық қалпына келетінін айтты.
13 қазанда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің inDrive сервисіне алдын ала ескерту жолдағаны белгілі болды. Бұған Яндекс Go жұмысындағы ақаудан кейін такси бағасының үш есеге жуық өсуі себеп болған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:41, 14 қазан 2026
ШҚО-да үй өртеніп, екі баласымен бірге әйел адам мерт болды
-
17:35, 14 қазан 2026
Бельгия королі жұбайымен Алматыны аралады
-
17:31, 14 қазан 2026
Равшан рөлін сомдаған Михаил Галустян Тәжікстан халқынан кешірім сұрады
-
17:15, 14 қазан 2026
Қытайдан Астанаға ұшқан елордалық ұшақта 1,5 млн теңгесін ұрлатып алған
-
16:45, 14 қазан 2026
Жаңа зауыттар мен ірі өндіріс орындары: Қазақстан жеті жылда қандай жетістіктерге жетті





