Қазақстандықтар доллар мен рубльді жаппай сатып ала бастады: сұраныстың себебі неде

16:40, 28 қыркүйек 2026
MKZ: 1569332

© Фото: Zakon.kz

Халықтың шетел валютасына қызығушылығы тағы да артты. Бір айдың ішінде қазақстандықтар 141,4 млрд теңгеге доллар сатып алған. Ал рубльге сұраныс шамамен 50 есе өсіп, 6,1 млрд теңгеден асты. Мұндай өзгеріске не себеп болғанын Zakon.kz анықтады.

Нарық қысқарып, қайта жанданды

Қолма-қол валюта нарығындағы динамика теңге бағамымен тығыз байланысты. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 2026 жылдың басында доллар, еуро және рубльді сатудың жалпы көлемі 153,3 млрд теңге болған. Алайда теңге бағамының төмендеуіне байланысты мамыр айына қарай бұл көрсеткіш 46,9 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Бес ай ішінде жиынтық сальдо үш еседен астам азайған. Себебі халық қымбаттаған шетел валютасын сатып алуға аса құлықты болмаған.

Кейін теңге бағамы нығая бастағанда жағдай күрт өзгерді. Маусымда таза сату көлемі 134,7 млрд теңгеге дейін өсті, ал тамызда 149,7 млрд теңгеге жетті.

Бұл ретте ең елеулі өзгеріс рубльмен жасалған операцияларда байқалды. Қаңтарда оның нетто-сальдосы минус 5,3 млрд теңге болса, сәуірде минус 39,8 млрд, мамырда минус 30 млрд теңгеге жеткен. Яғни осы айлардың барлығында айырбастау пункттері халықтан рубльді өздеріне сатқанына қарағанда көбірек сатып алған.

Тек тамызда сальдо оң көрсеткішке ауысты. Азаматтар айырбастау пункттерінен өздері сатқан рубльден 6,2 млрд теңгеге артық рубль сатып алған.

2026 жылғы тамызда айырбастау пункттерінің қолма-қол рубль бойынша нетто-сатылымы шілдемен салыстырғанда 49 еседен астам өсті.

Айта кетерлігі, рубль бойынша таза сатылым өсімінің 60%-ын төрт өңір қамтамасыз етті. Олар – Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары.

Долларға сұраныс қайта артты

Америкалық валюта танымалдығы жағынан қайтадан көш бастады. Мұнда да динамикаға назар аударуға болады.

Қаңтарда айырбастау пункттері халыққа сатып алғанынан 150,3 млрд теңгеге артық доллар сатқан. Мамырда бұл көрсеткіш 65,3 млрд теңгеге дейін төмендеп, қаңтардағы көлемнің жартысынан азын құрады.

Алайда жаздың соңына қарай айырмашылық қайта өсті. Тамызда доллардың таза сатылымы 141,4 млрд теңгеге жетті. Үш ай ішінде бұл көрсеткіш 76,1 млрд теңгеге немесе 116,5%-ға өскен.

Бұл ретте аталған кезеңде доллардың теңгеге қатысты бағасы айтарлықтай төмендеді. 28 қаңтарда АҚШ валютасының ресми бағамы 502,27 теңге болса, бүгінгі бағамы 441,88 теңгені құрады.

Жыл басынан бері доллар шамамен 12%-ға арзандаған.

Еуроның бағыты бөлек

Қаңтарда еуроның таза сатылымы 8,3 млрд теңге болды. Мамырда бұл көрсеткіш 11,6 млрд теңгеге дейін өскенімен, тамызда 2,1 млрд теңгеге дейін күрт төмендеді.

Үш ай ішінде көлем 9,5 млрд теңгеге немесе 81,6%-ға азайған. Қаңтармен салыстырғанда төмендеу 74,1%-ды құрады. Тамыздағы көрсеткіш соңғы 14 айдағы ең төмен деңгей болды.

Бұл ретте еуроның теңгеге қатысты бағасы да доллардан көбірек төмендеген. 28 қаңтарда оның ресми бағамы 597,15 теңге болса, 25 қыркүйекте 503,61 теңгеге түсті. Осылайша еуро 15,7%-ға арзандаған.

Нәтижесінде не болды?

Үш негізгі валютаның таза сатылымын қосқанда, операциялардың жалпы көлемі бастапқы деңгейге қайта жақындағанын көруге болады.

Бұл ретте доллар бұрынғы ауқымын қайта қалпына келтірді, рубль танымалдығы жағынан ең жоғары өсімді көрсетті, ал еуро нарықтағы бұрынғы үлесінің едәуір бөлігін жоғалтты.

Бұған дейін ресей рублінің айырбастау пункттерінде не себепті 5 теңгеден төмендегені туралы жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!