Қазақстанда балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтары жаңартылды

17:36, 28 қыркүйек 2026
MKZ: 1569356

© Сурет: t.me/oqu_agartu

Балабақшаларда, мектептерде және колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтарының мазмұны жаңартылды. Бағдарламаға балалар мен жасөспірімдер күнделікті өмірде және цифрлық ортада тап болуы мүмкін қауіп-қатерлерге арналған 140-тан астам тақырып енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 28 қыркүйекте жарияланған баспасөз баянында жаңа тақырыптарды Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлегені нақтыланады.

"Бағдарлама жеке және цифрлық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл және денсаулықты сақтау мәселелерін қамтиды", делінген министрлік хабарламасында.

Сабақ мазмұны балалардың жас ерекшелігіне қарай бейімделген:

  • Мектепке дейінгі жастағы балалар бейтаныс адамдармен қауіпсіз қарым-қатынас жасауға, көмек сұрауға және адасып қалған жағдайда қалай әрекет ету керектігіне үйренеді.
  • Бастауыш сыныптарда жеке шекара, интернеттегі қауіпсіздік, күмәнді сілтемелер, өрт және эвакуация кезіндегі әрекеттер қарастырылады.
  • Жасөспірімдер үшін буллинг пен кибербуллинг, интернет-алаяқтық, дербес деректерді қорғау, жалған ақпарат, дипфейктер және жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану тақырыптары енгізілген. Сонымен қатар қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, ақша талап ету және қудалау жағдайлары талқыланады.
  • Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері дропперлік пен «оңай ақша» схемаларын, қаржылық және еңбек алаяқтығын, қауіпті онлайн-таныстықтарды, груминг пен сталкингті, манипуляция мен арбауды, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу тәуекелдерін қарастырады.
"Сабақтар апта сайын сынып немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізіледі. Негізгі басымдық практикалық дағдыларға берілген: балалар нақты өмірлік жағдайларды талдап, қауіпті алдын ала тануға, өзін қорғауға және көмек қажет болғанда кімге жүгіну керектігін білуге үйренеді". ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Бұған дейін мектептердегі оқу тәртібіне өзгерістер енгізілгені хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!