Тоқаев Маңғыстаудағы қайғылы оқиға жайлы: Генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды

17:59, 27 қыркүйек 2026
MKZ: 1569182

© Сурет: Ақорда

Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы ұжымға жаңа Қорғаныс министрін таныстырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға берді.

"Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

"Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары", – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!