Қазақстан президенті: мемлекет пен жеке серіктестік инвестицияны тартудың маңызды тетігі

12:39, 10 ақпан 2026

© Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен жеке серіктестіктің экономикалық жобаларды қаржыландырудағы маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл механизмді дұрыс пайдалану арқылы инвестициялық тәуекелді мемлекет пен бизнес арасында тиімді бөлуге болатынын айтты.

"Мемлекет пен жеке серіктестік – экономикаға инвестицияның келуін ынталандыратын маңызды құралдың бірі. Бұл тетікті оңтайлы пайдалана алсақ, инвестициялық тәуекелді мемлекет пен бизнес арасында тиімді бөлуге мүмкіндік туады", — деді Президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұл әлеуеттің толық қолданылмай отырғанын атап өтті.

"Бірақ еліміздегі мемлекет пен жеке серіктестік әлеуеті дұрыс игерілмей отыр. Инфрақұрылымдық жобалардың көбі бұрынғыдай тікелей бюджет қаржысына тәуелді. Жеке капитал, банк секторы және халықаралық қаржы ұйымдары оған айтарлықтай атсалыспайды. Бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мұндай тәсіл көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөгет болып отыр", — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, бұл тетіктің құны бар, бірақ өзін-өзі ақтаса, Үкімет оны белсенді қолдануы қажет.

"Әлбетте, кез келген қаржы құралы сияқты мемлекет пен жеке серіктестіктің де өз құны бар. Алайда, ол өзін-өзі ақтаса, Үкімет аталған механизмді белсенді қолданғаны жөн. Қажет болса, заңнамаға да тиісті өзгеріс енгізуге болады", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!