Тоқаев Өңдеу өнеркәсібіндегі олқылықтарды атап көрсетті

13:57, 10 ақпан 2026

© Фото: rawpixel

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Өңдеу өнеркәсібіндегі кейбір мәселелерді атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек.

"Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет". Қасым-Жомарт Тоқаев

Оның пікірінше, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі.

"Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек. Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, Qarmet. Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр. Бұл мәселеде "артық қылам деп, тыртық қылуға да" болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс".Мемлекет басшысы

Бұған дейін Президент шағын және орта кәсіпкерлерді жоспардан тыс тексерулерді доғаруды тапсырған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!