Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек – Президент

13:45, 10 ақпан 2026

© Фото: primeminister.kz

Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз, деді мемлекет басшысы 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ.

"Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр. Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз. Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Бұл құжат осы саладағы олқылықтарды жойып, оның дамуына жол ашуға тиіс. Енді ақыры не болатынын көреміз". Мемлекет басшысы

Бұған дейін президент өзінің Жолдауында және "Turkistan" газетіне берген сұхбатында шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айтқан болатын.

"Бұл жерде шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуға болады. Мысалы, Нидерландының жүйесін алсақ, онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр. Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шаралар қабылдауға тиіс. 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауы қажет". ҚР президенті

Оның пікірінше, шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек.

Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді кіріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға алуға мүмкіндік береді. Мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болуға тиіс. Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды. Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс".Қасым-Жомарт Тоқаев

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!