Ғалымдар Қапалдағы ежелгі ашық аспан асты обсерваторияны мемлекеттің қорғауына алуды сұрайды

16:53, 21 қыркүйек 2024

© Сурет: zhetysu.edu.kz

Көне ғасырларда табиғи компас ретінде пайдаланылған Қапалдағы обсерватория қазір жайылым ретінде пайдаланылып жүр. Шеңбертас деп аталатын бұл жерде ғылыми зерттеу жұмыстары да жүрмеген. Сондықтан жетісулық өлкетанушылар көне орынды мемлекет қорғауына алуды сұрайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Бұның біз келешек ұрпаққа қалғанын, келешек ұрпақ зерттеп білгенін, сол себептен бұл мемлекет қорғауына алынып, ары қарай зерттеліп қорғалуын қалаймыз", деп 24kz Шеңбертасқа барушыларға жол көрсететін әуесқой гид Жанат Есімбековтің сөзін келтіреді.

Обсерваторияға қатысты тыңғылықты зерттелген нақты мәлімет жоқ. Археологтар оны кейінгі қола дәуірі мен сақ, түркі кезеңдерінде орнатылған болуы мүмкін деп болжайды. Бір анығы, Шеңбертас табиғи компас ретінде кеңістіктің төрт бағытын көрсетіп тұр.

"Ашық аспан асты обсерваторияның айналасы шеңбер ретінде қоршалған. Ал оның ортасы тізбектелген тастар арқылы төрт бөлікке бөлінген. Сол арқылы оңтүстік пен солтүстікті, шығыс пен батысты анықтаған деседі. Оның дәлдігін мынандай цифрлы компаспен де көруге болады", - дейді телеарна тілшісі.

География ғылымдарының кандидаты Еркін Тоқпанов студенттерді ертіп, Баянжүрек тауының етегіне бірнеше рет барған.

"Шеңбертас бір ғана емес, бірнеше қызметті атқарған. Шеңбертас, біріншіден, ежелгі адамдардың табиғатқа тәуелді болғандықтан ашық аспан астындағы ғибадатхана болған, Екінші – аспан денелерін барлайтын обсерватория қызметін атқарған. Себебі аспан жұлдыздарын бақылау арқылы ауа райын болжаған. Үшіншіден, кеңістіктің аралығын анықтау, төртіншіден, уақытты анықтау қызметін атқарған күнсағаты болып табылады". Еркін Тоқпанов, география ғылымдарының кандидаты

Шеңбертастың тарихи құндылығы күні бүгінге дейін анықталмаған.


"Тарихшыларды, өлкетанушыларды сол жерге апарып, мұны сакрал ретінде тізімге алсақ, ол міндетті түрде мемлекет қорғауына кіреді". Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық директоры Ғалымжан Оспанов

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!