Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы: Тоқаев «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қолға алуды тапсырды

15:58, 21 қыркүйек 2024

© Сурет: senate.parlam.kz

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының құттықтауында Бердібек Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер екені айтылған. Оның "Балалық шаққа саяхат", "Менің атым Қожа", "Өлгендер қайтып келмейді", "Жекпе-жек" сынды теңдессіз туындылар жазып, ешқашан ескірмейтін ғажайып мұра қалдырғаны да назарға алынған. Адам психологиясын, қазақтың жан дүниесін асқан шеберлікпен аша білген суреткердің шығармаларындағы шынайы бейнелер нағыз халықтық кейіпкерлерге айналды. Бірнеше буын ұрпақтың жазушы туындыларын оқып өсуі – осының айқын дәлелі.

"Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді", делінген Президенттің құттықтауында.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде аталған өлкеден Райымбектей айбынды батыр мен Мұқағалидай арқалы ақын шыққанын тілге тиек етіп, осы өңірдің төл перзенті Бердібек Соқпақбаевтың есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылғанына назар аударды. Сондай-ақ ол соңына қалдырған мұрасы ұлттың рухани қазынасына айналған көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтау және оларды өнегелі өмірін кеңінен зерделеп, дәріптеу аса маңызды екенін атап өтті.

Палата төрағасы Соқпақбаевтың шығармашылығы әрдайым өзгелерден дараланып тұратынын және олар шынайылық пен қарапайымдылыққа табан тірейтінін айтты. Жазушының туындылары қазақстандықтармен бірге бүкіл әлем оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп, әр буынның жадында сақталатын құнды дүниеге айналды. Қаламгердің "Менің атым Қожа" повесінің 68 тілге аударылуы соның жарқын көрінісі. Ал, шығарма желісімен түсірілген кинокартина 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық кинофестивалінде дипломант атанды.

Сонымен қатар Сенат төрағасы жас буынның бойында дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыру ісінде әдебиеттің, өнердің және креативті индустрияның рөлі жоғары екенін, бұл мәселеге Мемлекет басшысы бірнеше мәрте тоқталғанын атап өтті.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына назар аударып, осы бағытта "Балалар кітапханасы" атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл жоба қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасақтап, олардың балаларға қолжетімді болуы қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ биыл елде "Ұлттық кітап күні" белгіленді. Осындай кешенді шаралардың барлығы қаламгерлеріміздің есімін мәңгілік етуге зор үлесін қосатыны сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен Жазушылар Одағы бірлесе отырып, осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастырады деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сапар аясында Палата төрағасы Қарасаз ауылына арнайы ат басын бұрып, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барды және өңірдің дарынды жастарын қолдауға арналған Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына жиналған меймандармен бірге жазушы атындағы саябақта ағаш отырғызды. Одан бөлек, Кеген ауылына барып, "Қамқорлық" балаларды оңалту орталығының қызметімен танысты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!