ЖРВИ мен тұмау өршіп тұр: Астанада аурухана мен емханаларда не болып жатыр

09:47, 22 қараша 2026
MKZ: 1579069

© Сурет: Алматы қалалық әкімдігі

Астанада жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауды жұқтыру деректері маусымдық кезеңге байланысты артуда. Осыған орай медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтіліп, ауруханадағы төсек-орын саны көбейтілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Астана қалалық әкімдігінің мәліметінше, жедел жәрдем қызметінің дайындығы да қамтамасыз етілді.

"Қазіргі уақытта қалалық стационарларда ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 2 569 науқас амбулаториялық ем қабылдай бастаған. Олардың қатарында 1 551 бала және 20 жүкті әйел бар. Бұдан бөлек, емханалардың бақылауында ЖРВИ жұқтырған 4 559 науқас бар, оның ішінде 3 132 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр", делінген хабарламада.

Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында елордадағы емханалар мен жедел жәрдем қызметінің жұмысы күшейтілді. Медициналық ұйымдарда сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Онда респираторлық инфекция белгілері бар науқастар басқа келушілерден бөлек қабылданады.

Жұмыс күндері кабинеттер сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Мамандар тұрғындарға аурудың алдын алу шараларын сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені желдету және науқас адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу ұсынылады. ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгініп, өз бетінше емделмеу қажет.

Бұған дейін нутрициолог-маман тұмау кезінде вируспен күресуге көмектесетін тағамдарды атаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!