ШҚО-да дронның көмегімен жоғалған 30 жылқы табылды

18:01, 21 қараша 2026
MKZ: 1579025

© Сурет: polisia.kz

Үш аптадан астам уақыт бойы иесінің қарауынан тыс қалған 30 бас жылқы Шығыс Қазақстан облысында полицейлердің жедел әрекетінің арқасында табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мал иесінің өз бетінше жүргізген іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген соң, көмекке Марқакөл ауданының полиция қызметкерлері келді. Олар жоғалған үйірдің орналасқан жерін бірнеше сағаттың ішінде анықтады.

Таңертең Ақбұлақ ауылының тұрғыны жоғалған жылқыларын іздеуге көмек сұрап, полицияға жүгінген. Қызметкерлер өтінішті қабылдай салысымен іздестіру жұмыстарына кірісті. Аумақтың кеңдігі мен жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып, іздеу барысында ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды.

Дронның көмегімен ауқымды аумақты, соның ішінде жаяу немесе автокөлікпен жету қиын учаскелерді де шолуға мүмкіндік туды. Заманауи техниканың көмегі өз нәтижесін берді. Сол күні түске қарай полицейлер жоғалған 30 бас жылқыны тауып, иесіне қайтарды.

Мал иесі полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті, кәсіби шеберлігі және көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

ШҚО полиция департаментінде заманауи техникалық құралдар қызмет барысында маңызды көмекшіге айналып келе жатқанын атап өтті. Ұшқышсыз ұшу аппараттары ауқымды аумақтарды шолуға, жоғалған малды іздеуге және қызметтік міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!