Теміртауда полицейлерден қашпақ болған жүргізуші 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылды

17:43, 21 қараша 2026
MKZ: 1579023

© Сурет: polisia.kz

Теміртауда Toyota автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына бағынбай, қашуға әрекеттенді. Алайда көп ұзамай тәртіп сақшылары оны қолға түсірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға 20 қараша күні сағат 03:30 шамасында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Патрульдік полиция қызметкерлері Toyota автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші олардың талабын орындамай, тұрғын үй алабына қарай қашып кеткен.

Тексеру барысында ер адамнан масаңдық белгілері байқалған. Алайда ол медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.

Аталған фактілер бойынша жүргізушіге қатысты полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамау және медициналық куәландырудан өтуден бас тарту деректері бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.

Істі қараған Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жүргізушіні 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 8 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар полицияның тоқтау туралы талабын орындамағаны үшін оған 174 мың теңге айыппұл салынды.

"Полицейлерден қашу жауапкершіліктен құтқармайды. Керісінше, мұндай әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, масаңдық белгілері байқалған жүргізушілердің медициналық куәландырудан бас тартуы алаңдатады. Көлік басқару – үлкен жауапкершілік. Әрбір жүргізуші өз өмірімен қатар, айналасындағылардың қауіпсіздігіне де жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз", – деді Асет Буланбаев.

Жыл басынан бері Теміртау қаласы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарудың 75 дерегін анықтаған. Сонымен қатар 19 жүргізуші медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!