Жеке кәсіпкерлерге арналған ипотека: процестер жеделдеп, тәуекелдер азаймақ

13:32, 30 желтоқсан 2024

© Сурет: Отбасы банк

Отбасы банк және отандық Landau KZ компаниясының басшылары GRAVITON жүйесі туралы айтып берді.

Процесті автоматтандыру – қызметкерлер санын азайту емес, керісінше, күнделікті қалыптасқан жұмыстарды роботтарға тапсырып, әлдеқайда қиын шаруаларды сапалы орындауға артық уақыт табу. Ең бастысы әрі маңыздысы, цифрландыру атқарылатын процесс бойынша нақты сараптама жүргізіп, жұмыстың кем-кетігін дәлме-дәл анықтауға көмектеседі. Қаржы мекемелері цифрландыруды көбірек енгізіп келеді, оның ішінде бұл жаңашылдық қарыз беру процестерін де айналып өткен жоқ. Жалпы қарыз алушылардың өтініштерін қарау кезінде не маңызды? Маңыздысы – төлем қабілетін анықтаудың жеделдігі мен нақтылығы. Бұл процес автоматтандырылмай тұрып, жалдамалы қызметкерлер немесе мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлері болып табылмайтын жеке кәсіпкерлердің (әрі қарай-ЖК) өтінімдерін қарау көп жағдайда кешіктіріліп келді.

ЖК кірістері салық есептілігі декларациялары немесе ЖК патенті негізінде есептеледі. Егер ұсынылған құжаттар бойынша тексеру, талдау және есептеу қолмен жүргізілсе, онда клиенттердің банк шешімін күту уақыты көбейері сөзсіз. 2024 жылдың шілдесінен қазан айына дейін тек жеке кәсіпкерлерден түскен Отбасы банкіндегі кредиттік өтінімдердің үлесі небәрі 13-15% болған. Сондықтан бүкіл процесті автоматтандыру қажеттілігі туындады.

Мұндай бірегей жүйені Отбасы банкіне отандық "Landau KZ" компаниясы ұсынды. Landau GRAVITON – қаржылық талдауды автоматтандыруға, шағын және микро бизнеске несие беру туралы шешім қабылдауға арналған әмбебап жүйе. Ыңғайлы бағдарлама Отбасы банкінің қажеттіліктеріне сәйкес келеді дейді компания құрылтайшылары Ескендір Мутышев және Мақсат Айтымбетов Kapital.kz тілшісіне берген сұхбатында.

"Landau GRAVITON үш жыл бойы жасалды. Бұл жүйе карталар мен шоттардағы деректерді жедел қаржылық талдауға маманданған алдыңғы Landau дамуының логикалық жалғасы іспетті. Жаңа жүйе шешім қабылдауды қолдау және портфельді басқару сияқты күрделі тапсырмаларды орындау үшін жетілдірілген", – дейді компания құрылтайшылары.

2023 жылы Отбасы банк сынақ режимінде Landau GRAVITON (LG) жүйесін қолдана бастады. Жүйе деректерді жылдам талдайды, тәуекелдерді анықтап, несие лимиттерін ұсынады, бұл өтінімдерді өңдеу уақытын қысқартуға және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Банк қызметкерлері электронды үзінді көшірмелерді өңдеу жылдамдығын алға тартады, бұл процесс қазір шамамен 30 секундты ғана алады.

"Еңбек жолымды шағын және орта бизнесті несиелеу бөлімінде несие сарапшысы ретінде бастадым. Кейін біз нарықтағы сатушының кірістерін оның әдеттегі дәптерлердегі жазбалары негізінде талдадық. Бұл дәптерлерге қарап кәсіпкердің бизнесін сезуге болады. Мәселен, етпен айналысатын адам мен парфюмерия сатушысын бірден білесіз. Егер дәптерлер тым ұқыпты әрі кәсіп "иісін" сездірмесе, оның өтірік екенін айта берсеңіз болады. Қазір мұны "Landau GRAVITON" арқылы оңай әрі лезде білесіз. Біз неден ұттық? Сенімділік және ашықтық. Нақты табыс екеніне сенімдіміз, клиент оны бұрмалай алмайды. Біз кәсіпкердің нақты мүмкіндіктері бойынша несие береміз және төлем қабілетін ақша айналымдары көрсетеді. Біз сондай-ақ өтінімдерді өңдеу жылдамдығына қол жеткіздік. Біздің менеджерлер енді салық декларацияларын зерттеуге уақыт жұмсамайды, жүйе бірден талдау жасайды, тек несиелерді рәсімдеу ғана қалады. Үнемделген уақытта біздің менеджер бір күнде тағы бірнеше адамға қызмет көрсете алады", – деп атап өтті Отбасы банк Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

"Landau GRAVITON" – жеке кәсіпкерлер үшін тиімді жүйе. Алайда мұны адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар пайдалана алмайды.

Отбасы банк LG жүйесін сәтті енгізді. Оны жұмыс процесіне тез біріктіре алды. Жүйені іске қоспас бұрын банк менеджерлері арнайы оқытылған. Кез келген адам есептеулерді өз бетінше жүргізе алады. Ол үшін Отбасы банкінің Вaspana Market порталында "ЖК кірісі" бөлімі бар, онда шот бойынша айналымдардың электрондық үзінді көшірмесін жүктеу қажет. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін Baspana Market-те нұсқаулық орналастырылған.

Landau KZ бірнеше жыл бойы қаржы нарығының алпауыттарымен ынтымақтасып келеді. Ескендір Мутышев пен Мақсат Айтымбетов айтқандай, Отбасы банкімен ынтымақтастық аса маңызды қадам.

"Бұл біздің жұмысымыздың тиімділігін көрсетуге және сараптамалық бағдарламаны нығайтуға мүмкіндік беретін ірі мемлекеттік банк. Бұл серіктестіктің келешегіне және оның одан әрі дамуына сенеміз, өйткені бұл екі жаққа да пайда әкеледі", – дейді құрылтайшылар.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!