Қазақстанда есірткі өндіргені үшін жаза күшейтілді: заңға президент қол қойды

11:03, 2 қаңтар 2025

© Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.

Бұл туралы 2025 жылғы 2 қаңтарда Ақорда мәлімдеді.

"Аталған Заң Президенттің 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындауға бағытталған. Бұл құжат есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырушыларға жауапкершілікті қатаңдату, ал есірткіні жасырын орналастырушыларға қолданылатын шараларды жұмсартуды қарастырады",- делінген ақпаратта.

Заң есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адамдардың да жауапкершілігін едәуір қатаңдатты. Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Сонымен қатар Заңда есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасы аздап жұмсартылды. Мәселен, алғаш рет мұндай қылмыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын).

Жаза аталған қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұмсартылды. Олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық тұзағына түсетіндігі ескерілді.

Алайда қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді.

Сондай-ақ Заңда білім беру ұйымдарында немесе кәмелетке толмаған адамға қылмыстық топ қатарындағы есірткі таратушы тұлғаларды жазалайтын қатаң үкім сақталды. Олардың мүлкі тәркіленеді және 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар лауазымды тұлғалардың есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілігі қатаңдатылды. Бұрын олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, енді мүлкі тәркілене отырып, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Заңда есірткінің және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында басқа да шаралар қабылданды.

Мәселен, қылмыстық топ арқылы аса ірі мөлшерде құрамында есірткі заттары бар және өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін заң жүзінде жауапкершілік белгіленді.


"Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ есірткі, прекурсорлар, улы және күшті әсер ететін заттарды өндіруге пайдаланылатын заттардың, құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді". Ақорда

Бұдан бөлек, Заңда есірткі тектестер, психотроптық заттар, сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды қолдану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!