Жастар АИТВ жұқтыру қаупін елемей жүр: дәрігерлер алаңдаушылық білдірді

13:44, 16 қараша 2026
MKZ: 1577956

© Фото: Zakon.kz

Зимбабве дәрігерлері жастар арасында АИТВ-ның алдын алу шараларына немқұрайлы қарау үрдісі байқалып отырғанына алаңдаулы, деп хабарлайды Zakon.kz.

Al Jazeera басылымының жазуынша, заманауи дәрі-дәрмектер мен қорғану құралдары қолжетімді болғанына қарамастан, жастардың бір бөлігі АИТВ жұқтыру қаупін елемейді. Бұл індетпен ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестің нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін.

Хараредегі ауруханаларда 30 жылға жуық жұмыс істеген медбике Шон Мойо 1990 жылдардың соңында медициналық бөлімшелер науқастарға толып, жерлеу рәсімдері күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғанын еске алады. Бүгінде емдеу мен алдын алу шараларының арқасында жағдай айтарлықтай жақсарған.

Мәліметке сәйкес, Зимбабведе АИТВ-ны жаңадан жұқтыру жағдайларының саны 2010 жылғы 79 мыңнан 2023 жылы 15 мыңға дейін азайған. Ал 15 пен 24 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш 27 мыңнан 4 400-ге дейін төмендеген.

Алайда мамандар заманауи дәрі-дәрмектердің болуы алдын алу шараларының қажеттілігін жоймайтынын ескертеді. Олар жастарды қорқыту тәсілінен бас тартып, оларға сенімді ақпарат беруге, тестілеуден өтуге және айыптаудан қорықпай қорғану құралдарын алуға мүмкіндік жасауды ұсынады.

Осы мақсатта Харареде жастар көп шоғырланатын базарларда, аялдамаларда, университеттерде және басқа да қоғамдық орындарда көшпелі медициналық пункттер ұйымдастырылып жатыр. Онда АИТВ-ға тест тапсыруға, мүшеқап алуға және профилактикалық ем қабылдауға жолдама алуға болады.

Сонымен қатар кейбір бағдарламаларды қаржыландырудың қысқаруы тестілеу мен профилактикалық дәрі-дәрмектерге қол жеткізуде іркілістерге әкелген.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда бірге тұрған әйелінің екі баласына жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, оларға АИТВ жұқтырған ер адамға сот үкімі шыққан болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!