Залал көлемі әзірге белгісіз: ШҚО-дағы көне қорғандарға қатысты әкімдік түсініктеме берді

08:57, 16 қараша 2026
MKZ: 1577870

© Сурет: pexels

Әлеуметтік желілерде Зайсан ауданындағы "Шағаноба" археологиялық кешенінің көне қорғандары бүлінуі мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, 2026 жылғы 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барған.

Тексеру барысында кешен аумағында "SRS" ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен бұрын қазылған шұңқырларды көму жұмыстары жүргізілгені анықталған.

"Оқиға орнында болған азаматтардың жеке басы анықталып, тиісті материалдар полицияда тіркелді", – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі 2026 жылғы 15 қарашада.

Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археолог, әкімдік пен полиция өкілдері аумақты тексерген. Жер қазу жұмыстарының іздері фото мен видеоға түсіріліп, тиісті акт жасалған.

Мамандардың айтуынша, қазір жерді қар басып жатқандықтан, қорғандардың жай-күйін толық бағалау және келтірілген ықтимал залалдың көлемін анықтау мүмкін болмай отыр.

"2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіледі. Қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады", – деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданған.

Заң талаптарының бұзылғаны анықталса, кінәлілерді жауапқа тарту шаралары қабылданады. Заңсыз қазба жұмыстары мен вандализмнің алдын алу мақсатында тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің жай-күйіне бақылау күшейтіліп жатыр.

Әкімдік өңірдің археологиялық мұрасын зерттеу және сақтау жұмыстары жалғасатынын да мәлімдеді. Бұл ретте Шілікті аңғарында, Берелде, Елеке сазында және Ақбауырда жүргізілген зерттеулердің тәжірибесі ескеріледі.

"Бұл жерлерден табылған "Алтын адам", түркі қағанының бейнесі бар алтын әшекейлер мен ежелгі қоныстар – Шығыс Қазақстанның бай тарихынан сыр шертетін баға жетпес мұралар. Алдағы уақытта облыс әкімдігі табиғи ландшафтты, қорғандардың бастапқы келбетін және тарихи ортаны сақтай отырып, ашық аспан астындағы заманауи музей кешенін құру мүмкіндігін қарастырып отыр. Қазір бұл бастама келісу сатысында. Тарихи-мәдени мұра нысандарына қол сұғуға жол берілмейді", – делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Әкімдік өкілдері осы жағдайға қатысты барлық мәселе Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бақылауында екенін атап өтті.

Бірнеше күн бұрын Қазақстанның шығысында көбелектің жаңа түрі табылып, оған академик Манаш Қозыбаевтың есімі берілгені белгілі болған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!