Жамбыл облысы экс-әкімінің түрмеден босатылуына қатысты дау шықты
© Сурет: president.kg
2025 жылы 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, "Қазселқорғау" басшысы болған Кәрім Көкірекбаев жазасын өтеу мерзімі аяқталмай жатып бостандыққа шыға жаздады. Алайда прокурорлар бұл іске араласып, сот шешіміне наразылық білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2026 жылғы 22 қарашада әлеуметтік желіде өткен аптада сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бұрынғы шенеуніктің денсаулығына байланысты түрмеден босатылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда прокуратура сот қаулысына наразылық білдірді.
Бүгін, 23 қарашада сот Көкірекбаевты босату туралы шешімнің күшін жойды.
Алматы облыстық сотының хабарлауынша, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіппен Алатау қаласы сотының сотталған К.-ны ауыр науқастануына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулысының заңдылығын тексерген.
"Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот заң нормаларын өрескел бұзғанын анықтады. Сотталған адамның ауруының ауырлығы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазадан босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді. Істі қарау қорытындысы бойынша Алатау қаласы сотының қаулысы күшін жойды. ҚР ІІМ ҚАЖК-нің №57 мекемесі ұсынған сотталғанды жазадан босату туралы өтініш қанағаттандырылмады", – деп хабарлады Алматы облыстық соты.
Сондай-ақ сот алқасы Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулы шығарды. Олар сотталғанды босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды берген.
"Денсаулық сақтау министрлігіне сотталған адамның жазасын өтеуіне кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды шығарған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін жеке қаулы жолданды", – деп толықтырды сот.
Апелляциялық соттың қаулысы мен жеке қаулысы заңды күшіне енді.
Еске салайық, "Қазселқорғау" басшысы Кәрім Көкірекбаевтың ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталғаны 2022 жылғы 27 желтоқсанда белгілі болды.
2024 жылғы 7 маусымда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен өткен процесте Көкірекбаевты 798 мың доллар және 23 млн теңге пара алу деректері бойынша ақтады. Оған "Қорғас өзеніндегі арна қалыптастыру және қорғау құрылыстары" мен "Ақсай өзенінде жағалауды бекіту құрылыстары мен бөгеттер салу" нысандарындағы жұмыстардың актілеріне қол қою және жалпы қамқорлық көрсету үшін пара алды деген айып тағылған еді.
Осы үкіммен оның орынбасары мен "Bazis Construction" ЖШС филиалының директоры пара алу және беру деректері бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда 2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойды. Сот Көкірекбаевтың ісін қайта қарауға жіберіп, оны сот залында қамауға алды.
2025 жылғы 3 шілдеде бұрынғы әкім 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Көкірекбаев пен оның орынбасары мердігер компания басшысымен сөз байласып, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін одан аса ірі көлемде пара алғанын анықтады. Соның салдарынан мемлекеттік мекемеге 1 млрд 987 млн 827 мың 622 теңге 63 тиын көлемінде залал келген.
Кәрім Көкірекбаев 2013-2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі болды. 2019 жылғы тамыздан бастап "Қазселқорғау" мемлекеттік мекемесін басқарды. Бұған дейін Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметін атқарған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:48, 23 қараша 2026
Елімізде теннистен 2026 жылдың үздік жаттықтырушылары анықталды
-
17:48, 23 қараша 2026
Елімізде теннистен 2026 жылдың үздік жаттықтырушыларын анықтады
-
17:20, 23 қараша 2026
Алматы әкімі Ішкі саясат басқармасының жаңа басшысын тағайындады
-
17:18, 23 қараша 2026
Қазақстан дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын екі медальмен аяқтады
-
17:16, 23 қараша 2026
24 қарашада елдің барлық өңірінде қар мен жаңбыр жауады – ауа райы болжамы





