Тоқаев Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне қол қойды

15:53, 9 қаңтар 2026

© Фото: freepik

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 9 қаңтарда ҚР Цифрлық кодексіне қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Цифрлық кодекстің мақсаты – Қазақстандағы цифрлық саланы құқықтық реттеудің бірыңғай, ашық және тиімді жүйесін қалыптастыру.

Кодексте төмендегілер көзделген:

  • цифрлық заңнаманың мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындау;
  • цифрлық ортада мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру, оның ішінде уәкілетті орган мен өзге де мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекіту;
  • цифрлық ортаның объектілері мен субъектілерінің қызметін реттеу, соның ішінде цифрлық деректер мен олардың өнімдерін, сондай-ақ цифрлық орта субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау;
  • электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану мен цифрлық сәйкестендіруді реттеу;
  • мемлекеттік органдар қызметін цифрландыру.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы "Цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі ілеспе заң аясында 11 кодекс пен 121 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, киберқауіпсіздік мәселелерін реттеу халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген киберқауіпсіздік туралы жеке заң аясында жүзеге асырылатын болады.

Сонымен бірге байланыс саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру көзделген. Байланыс операторларына ішкі антифрод-жүйелерді енгізу және рұқсатсыз трафикті бұғаттау міндеттері жүктеледі.

Бірқатар түзетулер авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі уәкілетті ұйымды құруға бағытталған. Бұл жаңашылдық авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеудің халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар түзетулерде "Baqylauda" ақпараттық сервисін енгізу арқылы мемлекеттік қолдау шараларын цифрлық мониторингтеу көзделген.

Келесі түзетулер топтамасы ұсынылатын ақпараттың ашықтығы мен объективтілігін арттыру мақсатында бағалау және аудит қызметін цифрландыруды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ Президент "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Жалпы, ӘҚБтК-ге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Цифрлық кодекстің жаңа терминологиясына сәйкестендіруге бағытталған.

Бұдан бөлек, төмендегілер бойынша түзетулер көзделген:

  • жаңа әкімшілік жауапкершілікті енгізу, оның ішінде жұмыс берушілердің еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне мәліметтерді енгізбеуі, уақтылы енгізбеуі немесе жалған мәлімет енгізуі үшін жауапкершілігі;
  • құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тетіктерін қолдануды жетілдіру.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!