Мемлекеттік кірістер комитеті оңайлатылған режимге өтуден бас тарту себептерін түсіндірді

20:03, 9 қаңтар 2026

© Сурет: pexels

Қазақстанда оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшу туралы хабарламаларды қабылдаудан бас тарту жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, мұндай бас тартулар Комитеттің ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде қалыптасады. Бұған салық төлеушілердің өзгертілген немесе жіктеуіштен алынып тасталған ЭҚЖЖ кодтарын қолдануы себеп болып отыр.

Атап айтқанда, 86900 ЭҚЖЖ коды жойылып, оның орнына 86901 және 86909 кодтары енгізілген. Ал 62022 коды жіктеуіштен толықтай алынып тасталған. Осы кодтарды пайдаланып хабарлама жіберу оңайлатылған декларация режиміне өтуден автоматты түрде бас тартуға әкеледі.

Осыған байланысты салық төлеушілерге хабарлама жолдамас бұрын тіркеу деректерін ЭҚЖЖ-нің қолданыстағы нұсқасына сәйкес келтіру ұсынылады. Жеке кәсіпкерлерге тіркеу деректерін өзгерту туралы хабарлама ұсыну қажет, ал заңды тұлғалар өзгерістерді тіркеуші органдар арқылы немесе "E-статистика" жүйесінің корреспондент кабинеті арқылы енгізуге тиіс.

Экономикалық қызмет түрі жаңартылғаннан кейін және АСР қолданудың барлық шарты сақталған жағдайда, салық төлеушілер салық режимін таңдау туралы хабарламаны қайта ұсынуға құқылы.

Мемлекеттік кірістер комитеті сондай-ақ оңайлатылған декларацияға көшу туралы хабарламаны 2026 жылғы 1 наурыздан кешіктірмей ұсыну қажет екенін еске салды. Бұл мерзім сақталмаған жағдайда, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей салық салу тәртібін қолданушы болып есептеледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!