Смартфондарға арналған жаңа ереже: 2026 жылдың тамызынан бастап қазақстандықтар үшін не өзгереді

12:47, 23 шілде 2026
MKZ: 1557584

© Фото: pexels

Қазақстанда ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын верификациялауға қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство атап өткендей, бұл бастама елімізде жасалған немесе сырттан әкелінген құрылғылардың Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде пайдаланылуының заңдылығын растауға бағытталған.

Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес верификациялау (тексеру) процесі:

  • Ұялы байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығының (GSMA) дерекқорындағы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сәйкестендіруді;
  • ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан аумағында ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын өндіру және (немесе) жөндеу туралы мәліметтердің және (немесе) ҚР кеден және салық заңнамасына сәйкес ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын Қазақстан аумағына әкелу туралы мәліметтердің мониторингін қамтиды.

2026 жылдың 19 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына қол қойды. Жаңадан қабылданған шаралар байланыс саласындағы заңнаманы жетілдіруге, соның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және интернет пен телефон арқылы алаяқтықты анықтау мен бейтараптандыру бойынша жұмысты күшейтуге бағытталған.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары енді тиісті емес сападағы тауарлар ретінде жіктеледі.

"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" ҚР Заңының 15-бабына сәйкес, мұндай құрылғыны сатып алған тұтынушы өз таңдауы бойынша:

  • сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
  • тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
  • тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
  • соған ұқсас маркалы (модельді, артикулды) тауарға ауыстыруды;
  • сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулды) сондай тауарға ауыстыруды;
  • шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Алайда, тұтынушы жоғарыда аталған талаптарды тек сатушыға ғана қоя алады.

Сондай-ақ, Заңмен сатушының тауардың тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне қатысты қосымша талап енгізілді. Енді ол ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сату кезінде верификациялау мәртебесін тексеру үшін тұтынушыға осы тауардың сәйкестендіру кодын беруге міндетті болады.

Тиісті өзгерістер "Сауда қызметін реттеу туралы" ҚР Заңына да енгізілді.

Заң Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сатуға тыйым салады.

"Сатушы мұндай тауарды өткізгенге дейін сәйкестендіру кодтарының дерекқоры арқылы өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының тиісті сәйкестендіру кодтарын шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеруге міндетті". ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті

Осы талап электрондық сауданы жүзеге асыру кезінде де сақталуы тиіс.

Электрондық сауда алаңдарының иеленушілері сатушы мен электрондық сауда алаңы арасында жасалатын шарттарға сатушылардың ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын сату алдында тауарды сәйкестендіру кодтарының дерекқорында шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеру міндетін қосуға тиіс.

Мұнымен қоса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сатушы тауарды сату кезінде оны сатып алу фактісін растайтын құжатты беруге міндетті. Мұндай құжат ретінде тауарды иелену фактісін растайтын құжат – қағаз немесе электрондық нысанда берілген бақылау (тауарлық) чегі не кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат бола алады.

Енді сатушы мұндай құжаттарда өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодтарын көрсетуге міндетті болады.

Ведомство нақтылап өткендей, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 20 маусымда "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттерінде алғаш рет ресми жарияланды және күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!