СҚО: Өңір халқының саны жыл сайын 1 пайызға азаяды

09:53, 1 қазан 2024

© Фото: unsplash

Солтүстік Қазақстан облысында демографиялық ахуал жылдан жылға нашарлап барады. Себебі, жыл сайын өңір халқы 1 пайызға азайып отыр. Соңғы 10 жылда 42 мың адамға кеміген. Аймақта туу көрсеткішінен өлім-жітім көп. Сондай-ақ көшіп келгендерден гөрі басқа жаққа қоныс аударғандар көп.

Солтүстік Қазақстан облысында 525 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Бұл республика халқының 6,6 пайызы. Туу коэффициенттінің ең төмен көрсеткіші осы өңірде тіркелген. Отбасылардың басым бөлігі 1 немесе 2 баламен шектелуді жөн санайды. Солардың бірі Бәйтерек ауылында тұратын Нұрболат пен Рина.

"Екінші баламда жұмысқа шығуға тура келді. 9 айында шықтым. Үйде отыра беруге тағы болмады. Ақша-тебен керек. Жалақымыз аз, жетпейді." Рина Советхан, Бәйтерек ауылының тұрғыны

Ерлі-зайыптылар жергілікті мектепте жұмыс істейді. Екеуінің еңбекақысын қосқанда 200 мың теңге. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ең төмен жалақы осы Қызылжар өңірінде тіркелген, деп жазады qazaqstan.tv.

Ал, Ғалымжан Әлімханұлы Түркістанның тумасы. 10 жылдан астам уақыт Петропавл қаласында тұрып, кейін туған жеріне қайта қоныс аударған. Түстік пен теріскей халқының өмір сүру деңгейінің айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады.

"Оңтүстік өңірінде ауызсумен, газбен қамтамасыз ету толығымен шешілген. Солтүстік өңірінде ол сырттан алып келінеді. Қаланың шеткі бөліктерінде суды әлі тасып ішеді. Қыс өте ұзақ, 6 ай. Тұтынатын тауарларымыз, тамақтарымыз қымбаттау." Ғалымжан Әлімханұлы, Түркістан қаласының тұрғыны

Қызылжар – өлім-жітім көрсеткіші бойынша да соңғы бірнеше жыл қатарынан тізім басында тұр. Негізгі себептері – қан айналымы, қатерлі ісік, тыныс алу жүйесінің аурулары көп.

Басқа жаққа қоныс аударып жатқандардың дені еңбекке қабілетті азаматтар. Салдарынан өңір халқының саны азайып қана қоймай, қартайып та барады.

"Экономикалық, әлеуметтік жағынан қызықтыратын аймақ болмағаннан кейін өз бетінше келетін адам жоқ. Ауыл шаруашылығы бағытында бір беткейлі, бір жақты ғана экономикамен қалып қоймай, экономиканы әртараптандыру деп айтамыз, қолға алған дұрыс." Шынар Төлешова, демограф

Теріскейде әсіресе ауыл халқының саны кеміп барады. Жыл сайын бірнеше елдімекен картадан сызылады. Биыл тұрғындар саны 50 адамнан аспайын 140 ауыл тіркелді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!