Шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек – Тоқаев

15:08, 20 қараша 2026
MKZ: 1578842

© Фото: freepik

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында шаруалардың қаржы алу рәсімдерін жеңілдету қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, цифрлық модель кредит беру туралы шешімнің объективті әрі ашық болуына мүмкіндік беріп, өтінімдерді қарау мерзімін қысқартады және әкімшілік кедергілерді азайтады

"Сонымен қатар қаржыландыруға өтінім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рәсімдерді барынша оңтайландыру қажет. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шаруалардың табысты болуы мемлекет пен халықтың мүддесіне сай келетінін атап өтті. Ол жуырда жасанды интеллект саласындағы әлемнің жетекші компанияларының басшыларымен кездескенін де айтты. Олар Қазақстанға жасанды интеллектіні агросекторға енгізумен айналысуға кеңес берген.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Эль-Ниньо табиғи құбылысының салдары жан-жақты зерттеліп жатыр. Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты болжамдар алаңдаушылық туғызғанымен, Қазақстанның бұл салада мүмкіндігі мол.

"Бірақ Қазақстан бұл жағдайда үлкен артықшылыққа ие. Яғни орайлы сәтті пайдаланып, аталған салаға жасанды интеллектіні енгізу арқылы алға озуға және әлемдік ауқымдағы азық-түлік қорын қалыптастыруға мүмкіндігі бар", – деді Президент.

Тоқаев бұл міндетті ең алдымен Үкіметтің осы бағытқа жауапты өкілдеріне жүктеу керек деп санайды. Сондай-ақ ол жасанды интеллектінің ауыл шаруашылығы өнімділігін еселеуге қалай көмектесетінін зерделеуге шақырды.

"Әрине, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін қаржы құралдарын белсенді әрі тиімді қолданған жөн. Ал саланың өнімділігі ойдағыдай емес. Оны мойындағанымыз дұрыс", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп, әлемнің озық тәжірибесін ескере отырып арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелді.

"Бағдарламада ұзақмерзімді шартпен қаржы тарту, техникалық және сараптамалық қолдау көрсету, заманауи технологиялар мен озық ғылыми әзірлемелерді қолданысқа енгізу тетіктері қарастырылуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!