Сеул, Токио және Париж үлгісімен: Астанада екі деңгейлі жол салу жоспарлануда

15:52, 22 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 2025 жылғы 22 желтоқсанда ОКҚ-да өткен брифингте қаладағы көлік кептелісін шешу жолдары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, әлемнің көптеген астаналарында көпдеңгейлі жолдар бірнеше жылдан бері тиімді жұмыс істеп келеді.

"Қажетті шешімдердің бірі – көпдеңгейлі жоғары жылдамдықты транзиттік жолдар салу. Қабанбай батыр даңғылы бойымен, әрі қарай Республика даңғылы арқылы Бөгенбай батыр даңғылына дейін созылатын екі деңгейлі жолдың жобалауын бастаймыз. Оның ұзындығы – 12,4 шақырым. Құрылысты 2027 жылы бастаймыз. Үлкейіп келе жатқан қалада жолдағы кептеліспен күресудің басқа жолы жоқ", – деді әкім.

Оның сөзінше, мұндай жылдам көлік дәліздері Сеул, Мәскеу, Токио, Бейжің, Бангкок және Париж секілді ірі мегаполистерде сәтті жүзеге асырылған.

"Екі деңгейлі жол тарихи оң жағалаудың келбетін сақтай отырып, кептелісті 30–40 пайызға азайтады деп күтеміз", – деп қосты Қасымбек.

Кейін журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, әкім бұл жол Қабанбай батыр даңғылынан Қосшыға дейін созылатынын айтты. Сондай-ақ үш және одан да көп деңгейлі жолдар салу мүмкіндігін де жоққа шығармайтынын жеткізді.

Сонымен қатар жоспар бойынша Bus Lane жүйесін кеңейту көзделіп отыр: қазіргі таңда ол 140 шақырымды қамтиды, ал келесі жылы тағы 30 шақырым қосу жоспарланған.

Бұған дейін Жеңіс Қасымбек жеңіл рельсті көлікті (LRT) іске қосу мәселесіне де пікір білдірген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!