Семей көшелерінде «ақылды» камералар бет-жүзді таниды

09:52, 22 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Семей қаласының көшелерінде бет-жүзді тану жүйесі енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның көмегімен полиция қызметкерлері іздеуде жүрген адамдарды анықтап, түрлі құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркей алады. Қазіргі уақытта қалада шамамен екі мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, олардың 84-і жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. Бұл туралы "24kz" телеарнасы хабарлады.

Бұл камералардың бақылауында адамдар көп жиналатын аумақтар бар:

  • вокзалдар;
  • базарлар;
  • сауда орталықтары;
  • қозғалысы қызу көшелер.

Бейнемониторинг жүйесі өтіп бара жатқан адамдардың бет-жүзін сканерлеп, қылмыскерлерді анықтайды, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге көмектеседі. Түскен ақпаратты өңдеу үшін полицияда Жедел басқару орталығының арнайы тобы жұмыс істейді. Мамандар нақты уақыт режимінде бейнеағынды талдап, қажет болған жағдайда кезекші нарядтарға мәлімет береді.

"Жүйе қолданыстағы заңнама аясында ғана пайдаланылады және азаматтарды жаппай бақылауға арналмаған. Оның қолданылуы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен шектеледі. "Ақылды" камераларды пайдалану полиция қызметкерлерінің жұмысын алмастырмайды, керісінше олардың міндеттерін неғұрлым дәл әрі жедел орындауына көмектеседі", – деп атап өтті Абай облысы ПД Жедел басқару орталығының аға инспекторы Дина Темірбаева.

Осындай камералардың көмегімен полиция 64 қылмысты ашып, 11 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Алдағы уақытта бейнемониторинг жүйесін уақытша ұстау изоляторларының барлығына орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Семейде картон қаптамасын өндіретін заманауи цех ашылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!