Неліктен Қазақстандағы барлық зейнеткерлерге базалық зейнетақы тағайындалмайды

11:09, 22 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанда кейбір санаттағы зейнеткерлердің базалық зейнетақы төлемін алу құқығына қатысты дау Конституциялық сотқа дейін жетті. Алайда қолданыстағы тәртіп пен талаптар қайта қаралған жоқ, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, Конституциялық Сотқа азаматтардың мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алуға құқығы бар адамдардың санаттарын белгілейтін Әлеуметтік кодекстің 205-бабы 1) және 2) тармақшаларының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініштері келіп түскен.

Сот өтініш берушілер 2016 жылғы 1 қаңтардан кейін тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатындығын және дауланып отырған нормаға сәйкес мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алуға құқықтары жоқ екенін атап өтті.

"Өтініш берушілердің пікірінше, зейнеткерлердің бір бөлігін базалық зейнетақы алушылар қатарынан шығару әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттарына қайшы келеді. Зейнеткерлердің жекелеген санатын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінен айыру олардың конституциялық құқықтарын бұзады",- делінген ақпаратта.

Өтініштерді қарай отырып Конституциялық Сот Конституцияның 28-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері, жасына байланысты, ауруына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдік берілетінін еске салды.

Осылайша, Конституция еліміздегі экономикалық жағдайға, адамның өмір сүру ұзақтығының серпініне, халықтың денсаулық жағдайына және ақылға қонымды әрі негізді сипаттағы өзге де өлшемшарттарға байланысты зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшерін қамтамасыз ету шартымен, олардың мөлшерін айқындауды заңнамалық реттеу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

"Конституциялық Сот өтініш берушілерге бұған дейін де аталған мәселенің Конституцияға сәйкестігін тексеріп, 2023 жылғы 8 сәуірдегі №8 нормативтік қаулыны қабылдағанын, онда құқықтық ұстанымдар мен тексеру нәтижелері бойынша шешімнің егжей-тегжейлі баяндалғанын еске салды. Аталған нормативтік қаулы өзінің заңды күшін сақтайды". Конституциялық Сот

Қорытындылай келе, өтініштерді конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!