Президент: Жасанды интеллект Қазақстанның инвестициялық саясатының басым бағыты болады

15:13, 2 шілде 2026

©

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беретінін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект ендігі таңда жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Сондықтан бұл бағыт Қазақстанның инвестициялық саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі болмақ.

" Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды интеллект технологияларына мән беру – аса маңызды басымдық. Бұл қайталанбалы үдерістерден арылып, "ақылды сүзгі" қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы инвесторларға жедел, нақты әрі тиімді қызмет көрсетіледі. ЮНКТАД болжамы бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Аталған көрсеткіштің ондаған жыл ішінде шамамен 25 есе ұлғаюы жаһандық экономикадағы жасанды интеллектінің рөлі артып келе жатқанын байқатады. Еліміз осы бағытты белсенді қолға алуға ниетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын еске салып, осы жұмысты жүйелі жүзеге асыру мақсатында биылғы жылдың ерекше мәртебеге ие болғанын айтты.

"Жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл – Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ден қоямыз. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы әр адамның дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Институционалдық негізді нығайту үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Сонымен қатар Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елде заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның аясында Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш болып озық технологиялар негізінде екі суперкомпьютерді сәтті іске қосты.

Президент цифрлық дәуір талаптарына сай жаңа заңнамалық база қалыптасып жатқанын да атап өтті.


"Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, "Жасанды интеллект туралы" заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды. Бұдан бөлек, Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементтерінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, жасанды интеллект саласын дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа технологияларға инвестиция тарту Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының біріне айналады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!