Жаңа Конституцияға байланысты рақымшылық: салық саласындағы қандай айыппұлдар кешіріледі
© Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 2 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заң күшіне енді.
Оның бұрынғы рақымшылықтардан басты ерекшелігі – ол тек қылмыстық құқық бұзушылықтарға ғана емес, сонымен қатар белгілі бір әкімшілік құқық бұзушылықтарға да қолданылады. Алайда рақымшылық барлық құқық бұзушылықтарды қамтымайды.
Салық саласындағы құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға рақымшылықтың қалай қолданылатыны жөніндегі түсіндіру 2026 жылғы 8 шілдеде сағат 15:00-де өтетін Pravmedia порталындағы тікелей эфирде беріледі. Спикер ретінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Заң басқармасының басшысы Диас Ахметов қатысады.
Осыған дейін ресми түсіндірмелер жарияланғанша, қолданысқа енген заң нормаларына тоқталайық.
2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған №329-VIII "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң 2 шілдеден бастап күшіне енді.
Заңға сәйкес, қылмыстық ісі тергеліп жатқан немесе жаза өтеп жүрген адамдар белгілі бір талаптар сақталған жағдайда рақымшылыққа ілігеді. Бұл ретте қылмыстық істер тоқтатылуы, жаза мерзімі қысқартылуы немесе өтелмеген мерзімі бір жылдан аз болса, сотталған адам толық босатылуы мүмкін.
Заңның бірінші тарауы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты рақымшылықты реттесе, екінші тарауы әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға арналған рақымшылыққа арналған. Қазақстанда мұндай тәжірибе бұрын болмаған.
Заңның 7-бабына сәйкес рақымшылық төмендегі жеке тұлғаларға қолданылады:
Қазақстан Республикасының азаматтары;
- жеке кәсіпкерлер;
- жекеше нотариустар;
- жеке сот орындаушылары;
- адвокаттар;
- заң консультанттары.
Аталған тұлғалар заң күшіне енген күнге дейін орындалмаған немесе ішінара ғана орындалған әкімшілік айыппұлдан босатылады.
Бұл жерде әкімшілік жазалардың барлық түрі емес, тек айыппұл ғана рақымшылыққа жатады. Сонымен қатар айыппұлды өндіріп алу үшін қозғалған атқарушылық іс жүргізулер де тоқтатылады.
Сонымен бірге әкімшілік рақымшылық барлық құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Мәселен, заңның 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес, соттың шешімімен әкімшілік жаза тағайындалған адамдар рақымшылыққа ілінбейді. Рақымшылық тек уәкілетті мемлекеттік органдардың (мысалы, ішкі істер органдарының) қаулысымен салынған әкімшілік айыппұлдарға қатысты қолданылады.
Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің рақымшылық қолданылмайтын баптарының нақты тізбесі заңның 8-бабының 2) тармақшасында көрсетілген. Бұл тізім өте ауқымды болғандықтан, ол бірнеше бағыт бойынша қарастырылады. Бұл бапта салық саласы бойынша құқық бұзушылық жасаған жеке тұлғаларға рақымшылықтың қалай қолданылатыны туралы сөз қозғалады.
Салық саласына қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 16-тарауында (269–288-баптар) көзделген. Алайда осы тараудағы төрт бапқа рақымшылық қолданылмайды.
Олар:
- 275-бап – салық есептілігінде көрсетілуге тиіс салық салу объектілерін және өзге де мүлікті жасыру;
- 277-бап – есептелген (айқындалған) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару;
- 278-бап – салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасын кемітіп көрсету;
- 281-баптың 7-бөлігі – Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін және акцизделетін тауарлардың өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамасын бұзу, атап айтқанда мұнай өнімдерін өндірушінің кінәсінен құрамында металл бар қоспаларды (темір, марганец, қорғасын және дизель отынына арналған антистатикалық қоспаларды қоспағанда басқа да қоспалар) пайдаланып бензин мен дизель отынын өндіру.
Демек, аталған құқық бұзушылықтар бойынша салынған әкімшілік айыппұлдар рақымшылыққа жатпайды.
Ал қалған баптар бойынша құқық бұзушылық жасаған азаматтар мен кәсіпкерлерге қатысты Мемлекеттік кірістер органдары (әкімшілік істердің осы санатына уәкілетті орган) әкімшілік айыппұл салу туралы қаулылардың орындалуын тоқтатады.
Рақымшылық қолданылатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптары мыналар:
- 269-бап – мемлекеттік кірістер органдарында тіркеу есебіне уақытында тұрмау;
- 270-бап – арнаулы салық режимін қолдану кезінде қызметті заңсыз жүзеге асыру;
- 271-бап – мемлекеттік кірістер органының салық есептілігін тапсыруды тоқтата тұру туралы шешімі күшінде болған кезеңде қызметті жүзеге асыру;
- 272-бап – салық есептілігін және бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасын айқындауға қажетті құжаттарды ұсынбау;
- 273-бап – мәмілелер мониторингі жөніндегі есептілікті, трансферттік баға белгілеу жөніндегі есептілікті, халықаралық компаниялар тобына қатысу туралы өтінішті ұсынбау немесе ұсынудан бас тарту;
- 276-бап – есепке алу құжаттамасының болмауы және салық есебін жүргізу тәртібін бұзу;
- 279-бап – салық агентінің салықтарды ұстап қалу және (немесе) бюджетке аудару жөніндегі міндетін орындамауы;
- 280-бап – жалған шот-фактура жазып беру;
- 280-1-бап – шот-фактураларды рәсімдеу тәртібін, сондай-ақ тізбеге енгізілген тауарлардың қозғалысын есепке алу жүйесін бұзу;
- 281-бап – осы баптың 7-бөлігін қоспағанда;
- 282-бап – этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнаманы бұзу;
- 283-бап – алкоголь өнімдері мен темекі бұйымдарын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау қағидаларын бұзу;
- 283-1-бап – тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау, тауар атауының сәйкес келмеуі не жүкқұжатта тауар саны (көлемі) туралы жалған мәлімет көрсету;
- 284-бап – бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін бұзу;
- 285-бап – банктердің және жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардың салық заңнамасында көзделген міндеттерін орындамауы;
- 285-1-бап – кастодиандардың, брокерлердің және (немесе) дилерлердің, сақтандыру ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің салық заңнамасында белгіленген міндеттерін орындамауы;
- 286-бап – банк операциялары туралы көрінеу жалған мәлімет беру;
- 287-бап – Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды экспорттау және импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде салық заңнамасында көзделген міндеттерді орындамау, сондай-ақ Қазақстан заңнамасының талаптарын орындамау;
- 288-бап – мемлекеттік кірістер органдары мен олардың лауазымды тұлғаларының заңды талаптарын орындамау.
Сонымен қатар, айыппұлдардан босату рәсімі автоматтандырылған тәртіпте жүргізіледі.
Заңға сәйкес, рақымшылық 2026 жылғы 2 шілдеден бастап алты ай ішінде толық жүзеге асырылуы тиіс.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:16, 2 шілде 2026
VEON алдағы үш жылда елімізге тағы 1 миллиард доллар инвестиция құюға ниетті
-
17:10, 2 шілде 2026
Tarlan Astana пойыздарының қозғалысы қалпына келді
-
17:01, 2 шілде 2026
Тоқаев Одиль Рено-Бассоны қабылдады
-
16:52, 2 шілде 2026
Қырғызстан жанармай жеткізу мәселесіне байланысты Қазақстанға ресми түрде жүгінді
-
16:41, 2 шілде 2026
Тараз мен Алматыдағы ауқымды арнайы операция: ұйымдастырушы мен қылмыстық топ өкілдеріне үкім кесілді





