Президент: Жаңа тарифтік саясат – тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам

09:55, 5 қаңтар 2026

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Тоқаев Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алғанын айтты. Оған сәйкес, ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сүбеді сұхбатында бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатқанын айтты.

"Қазірдің өзінде қауіпті "қызыл" аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді. Дегенмен, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту керек. Сондықтан, жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет",- деді ол.

Оның айтуынша, Үкіметтің шұғыл шаралары мәселенің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады.

"Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді. Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін "коммуналдық аждаһаға" айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті",- деді мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, біздің үкіметтеріміз "авгийдің атқорасын" тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді.

"Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты "керемет" бағдарламалар әзірлеп, оның "табысты" орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті. Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды. Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы шамалы көп балалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды. Арзан жанар-жағармайдың қызығын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлікпен жүретін студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді. Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы болды? Әр түбіртектегі соманы уақтылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, "коммуналдық былық-шылықты" пайдаланып, қалтасын қалыңдатқан делдал-кәсіпкерлерге қолайлы болды".Қасым-Жомарт Тоқаев

Ол посткеңестік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қазақстанға тиесілі екенін баса айтты.

"Соның салдарынан, біз амалсыздан арзан жанар-жағармайды көрші мемлекеттерге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олардың экономикасына демеу көрсететін елге айналдық. Сол себепті, тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия",- деді ол.

Оның пікірінше, әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгерту қажет.

"Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни "неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді" деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отырмын. Алғашқы оң нәтижелер бар. Төлем жүйесіне сараланған тәсіл енгізілді. Суды және электр қуатын барынша үнемдеп пайдаланатын тұрғындар "тұтынудың әлеуметтік нормасына" сәйкес төлемді ең төмен тарифпен төлейтін болды". Президент

Президент бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

"Елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сонда ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптастыра аламыз. Осылайша, экономиканың сапалық тұрғыдан өсуіне зор серпін береміз".Мемлекет басшысы

Бұған дейін мемлекет басшысының Трамптың "ақылға сыйымды ой" стратегиясы туралы пікір білдіргеннін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!